1 2
Атырау, 25 сәуір 21:18
Түнде ашық+6, таңертең +13
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 311.89  € 339.02  P 5.59

Өлген жігіттің ағзасы бес адамның өмірін құтқарды

14 сәуір 14:22


Қазақстанда 5 мыңдай адам өмірлік маңызы бар ағзаларды ауыстыруға мұқтаж болып отыр. Олардың барлығы күту парағында тұр – күн сайын, сағат сайын, минут сайын олар медициналық орталықтан қоңырау күтуде. Атырауда өткен ағза ауыстыру мәселелерін дамытуға арналған дөңгелек үстелге медиктер мен (ағза ауыстыруды қажет ететін және донорлық ағазамен өмір сүріп жатқан) пациенттер қатысты.

КӨРШІЛЕР ҮШ ЖЫЛДАН БЕРІ ОТА ЖАСАЙДЫ

Қазақстанда трансплантология осыдан бес жыл бұрын белсенді түрде дами бастады. Осы уақыт ішінде дәрігерлер мыңнан астам операциялар өткізді: олардың 84,99%-ы ойдағыдай және еш асқынусыз, 12,23%-ы асқынумен және 2,78%-ы адам өлімімен аяқталды. Операциялардың 18%-ы қайтыс болған донор ағзаларын ауыстырып салуды құрайды. Биылғы жылдан бастап 18 жастан жоғары және 65 жастан төменгі жастағы әрбір қазақстандық өзі қайтыс болғаннан кейін донорлық мақсатта ағзаларын пайдалануға келісімін бере алады.

Бүгінде Қазақстанда ағзаларды ауыстырып салумен Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығы, Астанадағы Онкология және трансплантология ғылыми орталығы, Алматыдағы Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығы,  Алматыдағы №7 қалалық емханалық аурухана, Шымкенттегі қалалық жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасы, Ақтөбедегі облыстық аурухана айналысады. Біздің ақтөбелік көршілеріміз республикалық «Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» ҚБ-мен бірлесіп, осы дөңгелек үстелді ұйымдастырды.

Ақтөбедегі облыстық ауруханада ағзаларды ауыстырып салу операциялары 2014 жылдан бері жүргізіліп келеді. Алдымен бұл донор туыстарынан реципиенттерге бүйректі ауыстырып салу болатын. Оталар Алматы мен Астана мамандарының қатысуымен жасалды. Ал енді ақтөбеліктер өздіктерімен ота жасай алады. Ақтөбеде бауырды ауыстырып салу 2016 жылдан бері жасалып келеді. Бүгінгі күні жасалған бүкіл жеті отаның барлығы оңтүстіккореялық мамандардың қатысуымен өткізілді. Екі жағдайда да бауыр алу отасы бұрынғы Одақ кеңістігінде алғаш рет 3D-лапароскопия әдісімен орындалды.

Биылғы жылдың басында қайтыс болған адамның бауырын ауыстырып салу оталарын жасадық. Инсульттан көз жұмған ер адам донор болды. Оның туыстары өміріне өте қажетті жандарға ағзаларын ауыстырып салуға келісім берді. Біз күту парағын тексергенде, қан тобы бойынша ықтимал реципиенттер арасында шамамен 10 адамға үйлесімді екен. Олардың барлығына ота жасалуы мүмкін екенін хабардар еттік. Мұндай жағдайда сағат емес, минуттар есептеледі. Сол кезде анализ жасатуға 6 адам келіп, жоғары үйлесімділік тек екеуінде ғана бар болып шықты. Нәтижесінде оларға бүйректер салынды. Оталар ойдағыдай жасалып, бүгінде екеуі де өздерін жақсы сезініп отыр, - деп әңгімеледі Ақтөбе облысының хирургы Ерлан СҰЛТАНГЕРЕЕВ. – Ақтөбенің облыстық ауруханасы Батыс Қазақстан облысы бойынша негізгі орталық болып табылады. Біздің қалаларымыздың жақындығын ескерсек, ықтимал донор пайда бола қалса Атырау облыстық ауруханасының барлық жағдайға мүмкіндігі бар екенін атап өткен жөн. Трансплантологтар бригадасы қысқа уақыт ішінде басқа адамның өмірін құтқарып қалатын ағзаларды алады. Ағза салуға мұқтаж және республикалық күту парағында тұрған пациенттерге келер болсақ, егер лайықты донор табылса, оларды кез келген уақытта ағза ауыстырып салумен айналысатын медицина орталықтарының бірі шақыра алады.

ӨМІР МЕН ӨЛІМ ТУРАЛЫ ЦИФРЛАР МЕН ФАКТІЛЕР

- Қайтыс болғаннан кейін донор болу мүмкіндігі туралы мәселе пациентте бас миының өлгендігі тіркелген кезде қойылады. Мидың өлгендігі туралы құрамына реаниматолог, невролог және басқа мамандар кіретін дәрігерлер комиссиясы анықтайды. Трансплантологтар бұл процедураға қатыспайды, - деп түсіндірді Ақтөбе қаласының трансплантолог дәрігері Мылтықбай РЫСМАХАНОВ. – Қайтыс болған бір адам 8 адамның өмірін құтқарып қала алады. Жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безі және ішектер секілді маңызды ағзалар, сондай-ақ, тиісті өңдеуден өткеннен кейін пластик материал ретінде көздің қасаң қабығы, түрлі сүйек фрагменттері жарамды болуы мүмкін. Тіпті, тамыр фрагменттері басқа пациенттерді емдеуге көмектесе алады. Оларды түрлі тамыр құрылымдары үшін пайдалануға болады.

Мылтықбай РЫСМАХАНОВ пен Сандуғаш ОРЫНБАЕВА

Мылтықбай Сағынбекұлы қайтыс болғаннан кейін донор болу Қазақстанның солтүстік өңірлерінде белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті:

- Мәселен, Павлодар облысында қайтыс болған адамның туыстары оның ағзаларын ауыстырып салуға келісім берген жағдайлар жиі болды. Осылайша бір донордың арқасында 5-6 адамның өмірі аман қалды.

Бес жыл ішінде қайтыс болғаннан кейін донорлар жүзден астам қазақстандықтардың өмірін құтқарып қалды (91 реципиентке бүйрек, 32-сіне – бауыр салынды). Қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін берушілер көбейсе, күту парағын жартылай азайтар еді, деп есептейді медиктер.

Атырау облысындағы ахуал туралы нефролог дәрігер, облыстық аурухана жанындағы гемодиализ орталығының меңгерушісі Бауыржан РАХМЕТОВ әңгімеледі:

- Облысымызда бірқатар өзекті проблемалар бар. Мәселен, бүкіл өңірде бар болғаны екі нефролог болса, Атырауда тұрақты түрде жүз шақты пациентке қызмет көрсететін бар болғаны екі гемодиализ орталығы жұмыс істейді. Сонда да, ай сайын гемодиализге мұқтаж пациенттер санының 3-4 адамға көбейетінін баяндауға мәжбүрміз. Диализ орындары жетіспейді. 

Ақтөбелік медиктермен серіктестікке келер болсақ, біз туыстардың донорлығы саласында белсенді жұмыс жасаймыз. Жақын арада біздің 4 пациентіміз Ақтөбеге операцияға баруды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде Атырау облысында 97 адам белгілі бір ағзаны ауыстыруға мұқтаж. Бұл олар үшін өмір мен өлім мәселесі.

ҮШ ХИКАЯ

Атырау тұрғыны Ринат САБИЕВ 27 жаста. Ол 2013 жылы сырқаттанған. Қан қысымы жоғарылап, басы ауруы пайда болған, әрі қарай созылмалы бүйрек тапшылығы деген диагноз қойылды. Мұндай кеселі бар пациенттерге аман қалуға гемодиализ процедурасы көмектеседі. Бұл тұрақты түрде қанды аппаратпен тазарту. Басқаша болмайды, өйткені бүйректер өз қызметін атқаруды доғарады. Ринатта Атыраудан гемодиализ жасату үйлеспеді (жігіт экологияның нашарлығы мен климаттың қаталдығынан көреді). Ол гемодиализ алу үшін Ақтөбеге кетуге мәжбүр болады. Ал 2015 жылы Атырауға оралуға тура келді. Өйткені баспананы жалға алып тұру қиынға соққан. Ал биылғы жылдың басында оған Ақтөбеден қоңырау шалды. Ол қайтыс болған ер адамның донорлық бүйрегін алуы мүмкін он пациенттің қатарында бар болып шықты.

- Анализге қан тапсыру үшін шұғыл келу керектігімді айтты. Күтіп жүрсем де, бұл тосын жайт еді. Тек емханаға баруға бар болғаны сегіз сағат берілді. Атыраудан Ақтөбеге тез жету ақылға сыйымсыз еді. Түрлі жолдарды қарастырдым, бірақ бәрібір үлгермедім – екі сағатқа кешіктім.

- Ал егер жолдың бәрі үйлесіп, донормен генетикалық ұқсастық анықталса, ота жасатуға келісер ме едің?

- Әрине! Менің өмірім осыған байланысты ғой. Менің қызым жақында бір жасқа толды. Оның қалай өскенін көргім келеді, оны аяғынан тұрғызғым келеді.

Сүйкімді де жүзі бал-бұл жанған Гүлмира НҰҒМАНОВАНЫ көргенде, жақында ғана оның өмірі қыл үстінде тұрды деп айта алмайсың.

Гүлмира НҰҒМАНОВА

- Жасым 29-да болатын, денсаулығым жақсы сияқты еді. Бірде туыстарымның үйінде қонақта отырғанмын. Ал ол жердегі әйелдер бір-бірінің қан қысымын өлшеп жатты. Мен де өлшеттім. 180 де 120 екен. Содан кейін бақылай бастадым, сөйтсем үнемі жоғары болып тұрады екен. Туыстарым дәрігерге қаралуға көндірді. Ұзақ тексерілдім, ақырында созылмалы бүйрек тапшылығы деген диагноз қойды. Бірнеше жыл бағаналық жасушамен емделдім, бірақ содан кейін ол көмектеспейтін болды. Болжамдар көңіл жұбатарлық емес еді – гемодиализ бен донорлық бүйректі ауыстырып салуға үміт арту қалды.

Гүлмираның бақытсыздығына туыстары қол ұшын берді. Қан тобы бойынша екі ағасында сәйкестіктер табылды. Анализ олардың бірінде сәйкестіктің төмен екенін, екіншісінде жоғары екенін көрсетті. Бірақ, операцияға дайындық кезінде ағасының бүйрегінен кішкентай тас тауып, тәуекелге бел бумауды ұйғарды.

- Мен сол кезде қатты әлсіреп кеттім. Күдерімді үзе бастаған едім. Рас, бірнеше айдан кейін сәйкестігі төмен ағаммен қайтадан анализдер тапсырдық, енді олар жақсы пайыз көрсетіп тұрды. Ол маған өз бүйрегін берді. Соның арқасында өмір сүріп жатырмын. Ол үшін алғысым шексіз.

Астаналық Сандуғаш ОРЫНБАЕВА өз денсаулығында кінәрат бар екеніне 2008 жылы күмәнданған. Ауру белгілері сондай: қан қысымы жоғары болған. Нәтижесінде «созылмалы бүйрек тапшылығы» деген диагноз қойылды. Бірнеше жылдан кейін оған осы сырқаттың терминалды сатысы деген диагноз қойылды. Бұл сырқаттың соңғы сатысы, мұнда сырқат меңдеген ағза семіп қалады. Туыстары бүйректерін беруге әзір еді. Бірақ, олардың ешқайсысы сәйкес келмеді. 2015 жылы күту парағына тіркеледі.

- Мен қатты күттім. Өткен жылдың қыркүйегінде түнде қоңырау шалынды. Павлодарлық 21 жастағы жігіт бас сүйек-ми зақымы салдарынан көз жұмған екен. Анасы оның ағзаларын донорлық мақсатта пайдалануға келісімін берген. Осылайша 5 адамның өмірі құтқарылды. Мен де солардың қатарындамын. Біздің сәйкестігіміз жоғары болып шықты. Отаға келісім туралы ойланғаным да жоқ, бір ғана иә деген жауабым бар болатын.

- Отадан кейін есіңізді жиған кезде, өзіңізде бөгде бүйректің өмір сүріп жатқанын түйсінгенде қандай сезімде болдыңыз?

- Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл менің өмірімдегі ең қымбат сыйлық еді. Сол әйелге, анасына өз алғысымды сөзбен жеткізе алмаймын. Мен оның кім екенін және есімі қалай екенін білмеймін, бірақ оған тағзым ету үшін іздеп тапқым келеді. Өйткені оған оңай болмаған шешімі маған өмір сыйлады. Оның қайырымдылығының арқасында балаларымның өсіп жатқанын көре аламын, өз немерелерімді көре аламын. Басқа адамдарға көмек бере аламын.

Басқа адамдарға көмекке келер болсақ: басынан өткен жағдайдан кейін Сандуғаш Атыраудағы дөңгелек үстелді ұйымдастыруға қатысып отырған республикалық «Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне басшылық еткен. Олар ағзаны ауыстырып салуға мұқтаж адамдарға және ота жасалған жандарға күштері жеткенше көмектеседі. Сонымен қатар, қайтыс болғаннан кейін донор болуды белсенді түрде насихаттайды.

- Өмірінің соңғы сатысы қалған пациенттер үшін бірден бір жолы – ағза ауыстырып салу. Бүкіл өркениетті елдерде қайтыс болғаннан кейін донор болу әдеттегі тәжірибе болып саналады. Басқаларды құтқарып қалатын нәрсені жер қойнына берудің қажеті қанша? Бұл мәселе оңай болмаса да, біз де осыған келуге тиіспіз, - деп есептейді Сандуғаш. – Өз басымнан осы жағдай өтпесе, мен де сол әйелдің орнында болсам не істейтіндігімді білмеймін... Бірақ, енді мен де солай жасайтындығыма сенімдімін.

ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР

Қатысқан пациенттер бірқатар проблемаларды атады. Ең өзектісі – донорлық ағзасы бар адамдардың өмір бойына қабылдауы тиіс препараттардың тапшылығы. Дегенмен, бұл жаңа проблема емес. Жыл сайын қайталанып отырады: жыл аяғына қарай облыстағы препараттар бітіп қалады, ал келесі жыл басталғанда пациенттер жергілікті биліктің тендер өткізуін күтуге мәжбүр.

- Маған бүйрек ауыстырып салған кезде, 3 айға Астанада аялдауыма тура келді. Өйткені, Атырауда маған қажетті препараттардың жоқ екенін білдім, - дейді Нұғманова. – Адамдар дәрі-дәрмектерді артығымен алып қоюға, айырбастауға, бір-бірінен қарызға алуға мәжбүр. Препараттарды қажет мөлшерде және дер кезінде сатып алатындай қылуға болмай ма?

Донорлық бүйрегі бар пациенттердің айтуынша, олар кәдімгі учаскелік терапевтердің бақылауында болады. Алайда, нефрологтың бақылауында болған қисынды болар еді.

Өкінішке орай, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері осындай маңызды шараға қатыспады. Сөйтіп бұл сұрақтар жауапсыз қалды.

Сөз соңында жақсы жаңалығымыз бар: биыл Ақтөбеден типтеу зертханасын ашу туралы мәселе шешілуде. Онда пациенттер, соның ішінде Атырау пациенттері бүкіл қажетті тексерулер мен отадан кейінгі сүйемелдеуден өте алады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

796 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Өзі өлсе де, өзгенің өмірін сақтап қалады  464 рет қаралды

Ыстық күндегі жағажай көрінісі  615 рет қаралды

Созылған қол қайтарылмады  871 рет қаралды

Түнде атылған оқ  3243 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5 6 7 8