Атырау, 21 шілде 23:41
Таңертең бұлыңғыр болады+32, күндіз +36
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 325.56  € 374.46  P 5.51

Атырауда жасыл-желекті қалай өсіруге болады?  

18 сәуір 09:38


Қалай өз аулаңды көгалдандырып, жақсы өнім алуға болады? Ең алдымен  учаскедегі тұзды судан құтылып, топырақты тұщы сумен қанықтыру керек.

ТЫРЫСҚАНМЕН ТҮК ШЫҚПАЙДЫ

Қала үнемі кеңейіп, Атырау картасында жаңа ықшамаудандар пайда болуда. Әдетте, учаске қожайындары өз жерлерін абаттандыруға тырысады: көшеттер отырғызып, бақша өсіріп, гүлзарлар егеді. Алайда мұндай еңбек жемісін бере бермейді. Көп нәрсе жердің өзіне де байланысты. Бірнеше жыл қатарынан өз ауласын көгалдандыруға тырысып, одан ештеңе шығара алмайтын жандар да жеткілікті. Ағаштар алғаш рет қурай бастаған кезде, бұл дұрыс суармағандықтан осылай болып тұрған шығар деген жорамал туындайды. Содан соң сағат сайын суара бастайды. Көмегі болмайды. Келесі жылы топырақ пен көшетті ауыстырады, сырттан әкелінген қымбат көшеттерді сатып алады, ал қазылған шұңқырларға қаратопырақ себіледі. Нәтиже тағы солай қайталанады. Сол кезде жаңа тәсілді қолданады. Ағаштардың тамырларына топырақтан тұзды су келмес үшін шұңқырдың түбіне уатылған шифер немесе рубероид төсейді. Бірнеше жыл бойына бәрі жақсы болады, бірақ... кейін ағаштар тағы қурай бастайды. Тамырлары бөгеттерге тіреліп, олар көлденең, әрігірек өсе бастап, тағы да тұзды ортаға тап болады. Сондықтан ағаштар ұзақ ауырады және дұрыс жеміс бермейді.


Мұндай проблемалардың қалай алдын алуға болады және өз учаскеңнен қалай жемістер алуға болады? Бұл туралы «Атыраугидрогеология» ЖШС-нің жетекші гидрогеологы Нұргүл САБУРОВА әңгімеледі. Бірақ әңгіме бастамас бұрын біз онымен қаланы аралап, проблемалы жерлерді белгілеп алдық. Ол Бейбарыс даңғылындағы ағаштардың өсуіне көңіл аударды. Олардың барлығы бір уақытта отырғызылған. Бірақ бүкіл ауданда жерасты суы құйылатын көшенің ең төменгі нүктесіндегі ағаштар аласа әрі қурап қалған, ал 300 метрдей жерден соң біртіндеп бойы өсіп, бүршіктене бастаған. Бүкіл қаланың әр жерінен ақ дақтары бар жер учаскелері байқалады. Су құрғаған соң топырақ беті сортаңданып қалады. Бір қызығы, тұзды дақ тіпті үйлердің жанындағы биік үйінділерде де болады. Шамасы, қожайындар топырақ төгіп, өздеріне жаңа баспана салуды жоспарласа керек. Тұздың үйіндінің төбесіне қалай «жететінін» гидрогеологтар маған кейінірек әңгімелейді. Ал жаңа «Геолог-2» ықшамауданында бізге қызықты көрініс келе қалды: шөп басқан алаңқайдың сол жақ бөлігінде су жоқ. Өсімдік шықпаған оң жақ бөлігінде шағын көлшік пайда болған. Бұл жерде құрылыс материалдары, үлкен бетон тақталар сақталған, сондықтан ол жердегі шөптер тапталып қалған.

ТҰЗҒА ҚАРСЫ ҚАЛҚАН

Нұргүлдің айтуынша, дренаж проблемасын зерттеу кезінде гидрогеологтар бүкіл қаланы шарлап шығып, ағаштардың қайда және қалай өсіп жатқанына назар аударған. Өйткені, бұл мәселелер өзара байланысты. Ағаштар дұрыс өсу үшін дренаж қажет, ал көгалдандыру дренажға мүмкіндік береді. Осылайша олардың тұзданудан қорғаудың патенттелген тәсілі пайда болған. Бұл - тұзға қарсы қалқан жасау. Ал қалқан ретінде топырақты үнемі тұщы сумен қанықтырып тұратын аймақ қолданылады. Ол тұзды жерасты суларының деңгейінен биікте орналасқан. Бұл төмен жатқан қабаттардан минералданған судың капиллярлық көтерілуін болдырмайды.

Қиындау айтылған, бірақ анағұрлым қарапайым тілмен түсіндіруге болады. Атырау топырағы өз құрамы бойынша біртекті емес. Бір ауданда әр түрлі топырақтар болады. Дегенмен де, топырақтың үш басымды түрін бөлуге болады: саз, құмайт және саздақ. Топырақты жіктеу қиын емес – шұңқыр қазып, азғана үлгісін алса жеткілікті. Содан кейін оны жіңішке етіп илеп, бүгіп көру керек. Саздақтан жасалғаны бұзылып, ал құмайттан жасалғаны үгітіліп қалады. Бұл білім не береді? Капилляр бойымен сазды топырақта су 12 метр биіктікке және жер деңгейінен жоғары көтеріледі. Саздақ арқылы 3-4 метр деңгейге, құмайт арқылы 1,5-2 метрге жетуге қабілетті. Яғни, егер сіздің аулаңызға су жиналса, онда қосымша топырақ себу су деңгейінің көтерілу проблемасын түбегейлі шешпейді, тек проблеманы уақытша ғана ығыстырады. Үйінділердегі тұздың ақ дақтары есіңізде ме? Мұндай дақтар мол, бірақ сирек суарылған кезде пайда болады. Алдымен судың бүкіл көлемі төменге кетеді, содан кейін булана бастайды: су капилляр бойымен тұзды ілестіріп, жоғарыға көтеріледі. Су буланып, тұз топырақ бетінде қалады. Егер суару сценарийі тұрақты түрде қайталанып отырса, кешікпей жер сортаңды жерге айналады.


 

ШӨПТІ ЛАҚТЫРМАҢДАР!

Біз ағаштар отырғызбас бұрын шұңқырға суды мол етіп толтыруды ұсынамыз. Ол шайып, бүкіл қуыстарды толтырады. Бұл процедураны бірнеше күн бойына қайталаған жөн. Суару аймағында тұщы су қалқаны осылай жасалады. Әрі қарай шұңқырды қарашірікпен толтыру керек. Оны 60-70 пайыз құммен араластырады. Ақтөбелік құм болса тіпті жақсы. Топырақты жақсы сүзуге осылай қол жеткізіледі. Осы қоспаның қабаты неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсы болады. Мұндай жағдайда ағаштарды суаратын су тез сіңіп, шұңқыр түбіне жиналады. Төмен қарай сіңген кезде ол өсімдіктің тамыр ортасын батпақтамай, тұщы су линзасын толтырады. Тамыр тыныс алуы тиіс. Ағаштарды ең болмағанда күніне бір рет суару керек. Ал жалпы күніне бірнеше рет суарылуы керек. Біз өз учаскемізге тамшылатып суару жүйесін орнатып қойдық, өсімдіктерді күніне 4 рет 15 минуттан суарып тұрамыз, - дейді Нұргүл. – Біздің климатымыздың тағы бір ерекшелігін – қарқынды буланатындығын да ұмытпаған жөн. Бұл капилляр суларының көтерілуіне әкеліп соғады, демек, тұздар да көтеріледі деген сөз. Қарқынды булануды болдырмас үшін топырақ бетін қорғаныс қабатымен жабу керек. Кейбіреулер мұны органикалық үлдір арқылы жасайды. Алайда бұл жағдайда тамырлар батпақтануы мүмкін. Тамырды қатты қызудан (жазда бізде топырақ кейде 60 градусқа дейін қызады) 20 сантиметрге дейінгі биіктіктегі шөп қабаты табиғи қорғайды әрі бұл пайдалы. Қожайындар өртеп немесе қоқыс контейнеріне тастайтын кәдімгі шөп. Күзде оған түскен жапырақтарды да қосуға болады. Жабын қажетті «бүркеу» болып, топырақты қызудан сақтайды. Ал тамшылатып суарса өсімдік жақсы өседі. Оған қоса, шіріген кезде шөп өсімдік үшін қосымша қорек болады.



НЕҒҰРЛЫМ ТЕРЕҢ ҚАЗЫЛСА, СОҒҰРЛЫМ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ

Жерасты суларының деңгейін өлшеген өте пайдалы. Мұны да сүйменнің немесе қандай да болмасын тұрбаның көмегімен қолдан жасап көруге болады. Егер су деңгейі биік болса, суды төмендету керек. Біздің климаттық жағдайда суды төмендетумен тамыздың аяғында – қыркүйектің басында кірісуге болады. Осы уақытта – топырақтан судың көп булануына сеп болатын ыстық жаздан кейін жерасты суларының деңгейі әдеттегіден төмен болады. Учаскенің бос алаңына траншея қазылады, егер учаскенің көлемі мүмкіндік берсе, мұны экскаватордың көмегімен жасаса керемет болар еді. Траншея неғұрлым терең қазылса, соғұрлым жақсы болады. Базардан кәдімгі бірнеше пластик бөшкелер сатып алынады. Бірінші бөшкенің төменгі жағына диаметрі 8-9 мм болатын саңылау теседі. Бөшкеге сым оралып, үстіңгі жағына москит торы қапталады. Сонда өзіндік сүзгі пайда болады. Бұл бөшке траншеяның шетіне орнатылады. Егер бөшке орнатылған жер алдын ала тереңдетілсе, бұл керемет тәсіл. Екінші бөшкенің түбін ойып алып, оны бірінші бөшкеге тігінен кигізу керек. Бұл құрылым құдықты еске түсіреді. «Құдықтың» ішіне түтігі жоғарыға кететін дренаж сорғы түсіріледі. Траншеяға құм төгіледі. Бірінші бөшкедегі тор құмның ішке түсуіне мүмкіндік бермейді, ал тор бөшкеге жабысып қалмас үшін сым каркас рөлін атқарады. Траншеяның үстінен киіз немесе нығыздалған синтепон секілді материал төселеді. Осылайша, траншея коллектор рөлін атқарады. Ол арқылы жерасты суы «құдыққа» құйылып, ол жерден сұйықтық сорғымен тартып шығарылады. Жауын-шашын кезінде жаңбыр суы құм арқылы төменге кетіп учаскені тұщыландырады. Топырақтан тұзды су тартып шығарылып, оның орнын біртіндеп тұщы су басады.

Траншея міндетті түрде керек. Егер жай бөшке орнатылса, оның диаметрі шағын, біздің топырағымыздың нашар сүзетін қасиетін ескерсек, оған су ұзақ жиналады. Ал кең траншея мен құм арқылы су бөшкеге тез жиналады. Бөшкенің орнына бетон сақина немесе доңғалақ тысын қолдануға болады. Егер әрбір тұрғын өз ауласын көгалдандырса, онда қала бойынша су басумен күресу оңайға соғады. Мұндай жүйені қала жолдарының бойына да орнатып, ал тұзды суды қала сыртындағы сортаңды жерлерге төгуге болады. Сортаңдар кеуіп қалмауы тиіс, мұндай жағдайда олардың беткі қабатына минералданған шөгінділер түзіледі. Жел оларды округтерге таратып, олар үйлерге, өсімдіктерге, біздің бетімізге қонады. Бәлкім, Атырау тұрғындарының ерте қартаю себептерінің бірі осы шығар, - дейді Нұргүл.

Демек, көгалдандыру тек қалаға ғана емес, бүкіл тұрғындарға да ажар береді екен.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

1128 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Атыраудағы дренаж: тәжірибеден күнделікті жұмысқа дейін  915 рет қаралды

Қолыңызға газет ұстағаныңызға көп болды ма?  728 рет қаралды

Гоаның ғажайыптары  890 рет қаралды

«Көре алмасам да өмір сүріп жатырмын!»  915 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5 6 7