Атырау, 17 қазан 11:05
Күндіз бұлыңғыр болады+9, кешке +7
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 333.03  € 392.61  P 5.82

Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА: «күй өнері де шоуға айналды»

18 мамыр 00:00


Біз Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-дың «Музыка және өнер» кафедрасының 40 жылдығында болған біздің жерлесіміз, белгілі күйші Айгүл ҮЛКЕНБАЕВАДАН сұхбат беруін өтіндік.

«ҮЙДЕ ҮНЕМІ ДОМБЫРАНЫҢ ҮНІ ЕСТІЛЕТІН»

- Күй өнерінің қазіргі жағдайы қандай дер едіңіз? Күйші қандай болуы керек?

- Біздің кезімізде жағдай басқашалау болды, алдымыздағы ағаларымыз жақсыны жақсы деп мойындайтын-ды. Еш қызғанышсыз.  Біз сондай заманда қалыптасып, білім алдық. Әлі күнге дейін бірге оқыған жолдастарымыз қайда барсақ та, құрақ ұшып қарсы алады, құдды бір туысыңдай болып кетеді. Қазіргі жастар ешқашан өздерін төмен ұстамайды, өте өршіл, бәрі өзін кереметпін деп санайды, осал жақтарын ескермейді. 

Ағаларымыздың тәрбиесі бөлек болды, мені кішкентай деп шеттетпейтін. Сол кездің өзінде Динаның, Құрманғазының кештері өтсе, менің атыма киіз үй тігіп, құрметті адамдармен бірге шақырып, соншалықты құрмет көрсететін. Қазіргідей таныс-тамыр қосу деген мүлде жоқ ол кезде, мен де әкемді айтып ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Әкем де «Сен талантсың ба, халық сені өзі көтереді» дейтін. Сондай уақытта қалыптастық, сол себепті елге тез танылған болармыз. Қазір ондай құрмет жоқ, жалпы өнерге көзқарас өзгерген заман. Құдайға шүкір, бізді тыңдайтын құлақ бар, үлкен кісілер бар, барған жерде келіп жатады. Таныған соң іздеп келеді, сағынады. Ал осы буын кеткеннен кейінгі көріністі мен көз алдыма елестете алмаймын. 

Қазіргі балалардың бәрі бірдей. Бұрын айтатын еді: «Әй, мына баланың қол алысы Манарбектен айнымайды ғой, Қалидың немесе Динаның қол алысы сияқты екен» деп баға беріп, сенің жоқ болып кетпеуіңе бәрі жұмыстанатын. Мен колледжде оқып жүрген кезде ұстаздарым «Айгүлжан, сен тұрмысқа шығып кетпе, сенің ойнауың керек, конкурсқа қатысуың керек» деп бүкіл бөлім болып қамқорлайтын, «жаялық жуып отырып қаласың, әлі-ақ жігіттерді шертіп таңдайсың, уақыты келеді, сен асықпа, өнеріңді тастап кетпе» дейтін. 

- Сіздің әкеңіз Нариман Үлкенбаев Атырау жұртшылығына аса танымал әрі құрметті тұлға. Ол кісі де домбыраның құлағында ойнаған. Сізде басқа мамандық таңдау туралы ой болмаған шығар?

- Менің ес білгелі білетінім - домбыра. Әкем - домбырашы, еститініміз қазақтың әні мен күйі, үйіміз қонақтан арылмайтын.  Келген адамның барлығы отыра қалып күй тартады, ән айтады, сондай қызу кештер жиі өтетін, ауылға келген қонақтың бәрі біздің үйге келеді, олардың ішінде ақын-жазушылар, театр актерлері де бар. 

Бала болғандықтан басқа дүниелерге де қызықтым, бір кездері баянда ойнадым, жоғары сыныпта гитарамен ән айту сән болды. Бірақ, домбырадан ауытқу жөнінде мүлдем ой болған жоқ. Айта кетейін, Алматының музыкалық училищесіне оқуға түскенге дейін менің музыкалық білімім болған жоқ, тек қана есту арқылы үйренген баламын, табақша тыңдап, естіген шығармаларымды, әкемнің барлық күйлерін жатқа ойнайтынмын.

- Сонда нота танымадыңыз ба мүлде? 

- Жоқ, музыкалық училищеге дейін нота білген жоқпын, алайда, одан кеміс қалған жоқпыз, үздік студенттердің бірі болдым. Кәсіби тұрғыда алғаш рет 1981 жылы республикалық домбырашылар конкурсында І орын алдым, одан кейін 1983 жылы І Құрманғазы атындағы конкурста ІІІ орын иелендім. Мүйізі қарағайдай ағаларымыз Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Фатима Балғаева, Қали Жантілеуовтер төрелік еткен сол конкурста. Сондай құрметті адамдардың алдарынан өттік.

- Қазіргі күй өнеріне көзқарасыңыз қандай?

- Менің пікірімше, қазір шоудың соңында кеттік. Қазір дәстүрлі күй кез келген жерде өтпеуі мүмкін. Ол үшін жүйені өзгерту керек, консерватория, училищелерде дәстүрмен байланысты сабақтар өткізілуі керек. Қазір бала ай сайын сынақ тапсырады, соны жаттап алуға жұмыстанады. Болды. Кейін соны қайта сұрасаң, ұмытып қалады, себебі, бәрін жаттанды жасайды, ұғынбайды, сүзгіден  өткізу жоқ қазір. 

«ЖАС КЕЛГЕН СОҢ ТУҒАН ТОПЫРАҚ ТАРТАДЫ»

- Сіз күйді керемет орындайсыз, ал өзіңіз күй шығарасыз ба?

- Зорланып бір дүние жасауға болады, бірақ, мен  перфекционистпін, өзіме қатты талап қоятын адаммын, кез келген нәрсеге көңілім толмайды. Жасаған нәрсе ешқашан көңілімнен шықпайды,  міндетті түрде кемшілік табамын. Күй шығару, жалпы шығарма шығару үшін жаратылысың бөлек болуы керек. Сондықтан мұны басқаларға қалдырамын.

- Сіз күй мектебін аштыңыз...

- Шүкір, біздің мектепте оқыған балалардың алды жоғары оқу орындарына түсті. Алайда, олардың ішінен біреуі ғана кәсіби жолды таңдап, эстрада-цирк колледжіне оқуға түсті. Қалғандары басқа салада оқиды, бірақ, әлі қол үзген жоқ. 
Консерватория бітірген соң ұстаздық етуге шақырды, мен тиіп-қашып жасап жүрдім, аз ғана ставкамен. Мен мұғалім болмаймын, сахнада жүрем дейтінмін. Ат-тонымды ала қашатынмын. Бірақ, сахнадағы адам түбінде педагогикалық жұмысқа келеді, одан қашып құтылмайды. Шәкірт тәрбиелеу де керек дүние. Бірақ, мен ақша табу мақсатында келген жоқпын негізі бұл жұмысқа. Ата-аналар балаларына сабақ бергенімді, домбыра үйреткенімді қалайды. Жұмыс орныңа бір бала әкелесің, екі бала әкелесің, ал үнемі әкеле алмайсың ғой. Ыңғайсыз. Сондықтан бір жерде отыру керек болды, менікі содан басталды. 

- Басқа салаға, мәселен, саясатқа бару жоспарыңызда бар ма?

- Жо-о-оқ. Саясаттың маған қатысы жоқ. 

Партияға шақырды. Бірақ, мен оған бара қоймадым, жиналыста отыру менің ісім емес. Әркім өзінің қолынан келетін іспен шұғылданғаны жөн, менің қолымнан домбыра тарту, соны үйрету келеді.

- Сахнада сирек көрінесіз.

- Мен өте қанағатшыл адаммын, көрінбей қалдым-ау деп уайымдамаймын. Мені жұрт ұмытып қалады-ау деген қорқыныш жоқ. Бізде соның артына түсіп, сонымен айналысатын  орындаушылар бар. Бір апта бір жерге шықпай қалса, қатты уайымдайтын адамдар бар. Мен өзім бәріне сабырмен, қанағатпен қараймын. Бұйырғанына, шақырған жерге барамын, ал өзім хабарласып, сұранған емеспін. 

- Репертуарыңызды өзгертіп тұрасыз ба?

- Репертуар таңдаған кезде әбден құлақ жалыққан күйлерден қашамыз, әркім өз репертуарына жаңаша дүние іздейді, орындаушы  үнемі ізденісте болады. Біреу айтады деген мақсатпен емес, өзің үшін іздейсің, ізденесің. Біздің қазығымыз, азығымыз да - халықтық музыка. Қызық, консерваторияда оқыған пианино, скрипкада ойнайтын музыканттар қазір қызығып: «Айгүл,  кезінде халықтық аспапты таңдап жақсы еттіңдер, сендерге қызығамыз, қызғанамыз» деп жатады. Ал сол кезде оркестрдегі апайлар «Айгүл, сен сондай күшті қызсың, скрипкаға неге бармадың?» дейтін. Сонда менің домбыра тартып отырғанымды қорсынады.

- Алдағы жоспарыңызбен бөлісесіз бе?

- Ауыз толтыратындай ештеңе айта алмаймын әзірге. Елімізде өтетін Экспо-2017 бағдарламасына қатысты жоспарлар бар. 

- Туған жерге оралу ойыңызда бар ма?

- Елге қанша келсең де, артық болмайды ғой. Анаң, бауырларың осында болғаннан кейін тартып тұрады. Мүмкіндік туып жатса, келуге асығамыз. Бір кездері Имекең (Иманғали Тасмағамбетов) бәрімізді осы жаққа тартып, елге шақырды, үлкен ағаларымызға: «Сендер сыртта жүрдіңдер, беретіндеріңді бердіңдер, енді туған елге келіп, қызмет жасаңдар», деп бәріне пәтердің кілтін берді. Сонда маған «Айгүл, сен әлі Алматыда жүре тұр», деген. Сонымен әлі жүрміз. Бұйырғанын көреміз, адам үлкейген сайын туған жерге тартады дейді ғой. Әзағаңдар құсап, бәлкім, біз де қартайғанда ауылға қашамыз, мүмкін. Оны сол кезде көре жатармыз енді. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор


Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

1194 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр  1198 рет қаралды

Нағыз алаяқтық  520 рет қаралды

Қысқы аккорд  39 рет қаралды

Қысқы аккорд  737 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5