Атырау, 11 желтоқсан 20:26
Түнде бұлыңғыр болады-1, таңертең 0
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 334.32  € 392.29  P 5.63

Қауіпсіздік үшін ақша төлейсіз

21 қыркүйек 00:00


Оқырмандарымыз «Коммуналдық қызметтерді есептеу орталығы-Атырау» компаниясының қызметіне, сонымен қатар, кері байланыстың жоғына да жиі шағымданады. Бүгінде «АЖ» оқырмандарының сұрақтарына «КҚЕО-Атырау» ЖШС директоры Асхат ЖУЛАТОВ (суретте) комментарий берді.

- (ҚТГА абоненттерінің) газ нүктелеріне кім (қандай компаниялар) техникалық қызмет көрсетеді? Техникалық қызмет көрсету шартын лицензиясы (сертификаты, рұқсаты және т.б.) бар кез-келген мамандандырылған ұйыммен жасауға болады екен ғой.

Назым

- Газ жабдығына техникалық қызмет көрсетумен штатында газ жабдығындағы кез-келген ақауларды заманауи техника мен жабдықтарды пайдалана отырып, дер кезінде жоюға қабілетті білікті мамандары бар атестаттаудан өткен мамандандырылған ұйымдар айналысуы тиіс. Бұл табиғи газдың тұрмыста қауіпсіз пайдаланылуы үшін кепілдік болады. Тұтынушының кез-келген мамандандырылған ұйыммен келісім жасауға құқығы бар, бірақ міндетті түрде «ҚТГА» АҚ-ның абоненттік қызметіне жасалынған шартты ұсынуы тиіс. Бүгінгі күні, біздің деректеріміз бойынша, нарықта екі компания бар: бұл біздің «КҚЕО-Атырау» ЖШС мен «Атырау Газ-Инвест» ЖШС.

- 7 тамызда газды түбіртектегі жоғары бағамен төледім, ал 27 тамызда олардың қызметкерлері менің қатысуымсыз газ құбырын сырттан пломбалап кетіпті. Бұл Бірлік ықшамауданы, Бекмағамбетұлы көшесі (бұрынғы 5-көше), 61-үй мекен-жайында болды. Не болғанын анықтауға кірісіп, 9 нөмірге қоңырау шалдым. Олардың жартысы төлем туралы түбіртекте көрсетілген, қалған нөмірлерді сайттан таптым. Бірде-бір нөмір жауап бермеді, құдды, мұндай компания жоқ секілді. Біздің есептегішімізді тексеретін диспетчердің нөмірін тауып алып, ұрыса бастап едім, ол сол мезет жүгіріп келіп, газды ашып берді. Сонда компаниядағылар 20 күн бұрын төлегенімді ескермегені ме? Диспетчер компанияның кеңсесі қай жерде екенін түсіндіріп бере алмады. Оның үстіне, КҚЕО электронды кассасынан газ төлеген кезде комиссия төлеп отырамыз. Қолданыстағы телефон нөмірлерін беріп, комиссиясыз төлеу әдісін айтсаңыздар екен.

Ақмарал Дәулетбаева

- Бірлік ықшамауданы, Бекмағамбетұлы көшесі (бұрынғы 5-көше), 61-үй мекен-жайы бойынша 2017 жылдың 27 тамызында бережақ туралы алдын ала хабарландыру беріліп, дебиторлық бережағы болғаны үшін ажыратылып тасталды. Бұдан бұрын, 7 тамызда тұтынушы интернет-банкинг арқылы 14700 теңге сомасында төлем жасаған кезде жеке есепшоты қате көрсетілген. Соған байланысты төлем сомасы жеткізуші «ҚТГА» АҚ шотында қалып, жеке есепшотқа аударылмай қалған. Тұтынушы сома төлемінің түбіртегін ұсынғаннан кейін тұтынушының жеке-есепшотына аударылып, сол күні қосу/ажырату қызметіне төлем төленбей, газбен қамту жүйесіне қайта қосылды.

КҚЕО-да сall centre 58-48-68 нөмірі қолданылады. Атырау бойынша абоненттерге қызмет көрсететін 4 бөлімше бар – Ескі әуежай ықшамауданынан бастап Еркінқала поселкесіне дейін қызмет көрсететін Алмагүл ықшамауданы, 3-үй, тел. 87084208697 және 87122208697; Балықшы ы/а, Жүнісов көшесі, 1-үй, 87122242015 (Орталық көпір – Дамбы п.);  Х.Досмұхамбетов көшесі, 4-үй, 87122491562 ( Махамбет көшесі – Ақсай п.); Алмагүл ы/а, 3-үй, 87084208697, 87122208697 (ТШО кеңсесінің маңы – Геолог п.).

Комиссиясыз төлем сұрағы бойынша. Төлем үшін міндетті түрде 10 орындық жеке есепшотты білу керек. Сонымен қатар, Досмұхамедов көшесі, 4-үй мекен-жайы бойынша орналасқан қызмет жеткізуші ҚТГА-ның өз кассасы бар.

Бұдан басқа, төлемді комиссиясыз интернет-банкинг арқылы төлеуге болады. «КҚЕО-Атырау» ЖШС-нің газ жеткізу қызметі үшін төлем жүргізетін өз кассалары мен терминалдары жоқ.

- 2017 жылдың сәуіріне дейін біз газ бен «Арнаулы автобазадан» қоқыс шығару үшін КҚЕО түбіртегін жүйелі түрде алып тұрдық. Онда 14 орындық есепшот нөмірі көрсетілген. 2017 жылдың мамырынан бастап өзіміздің үй мекен-жайына басқа 10 орындық жеке есепшот нөмірі көрсетілген түбіртектер ала бастадық. Бұл компьютерлік жүйедегі қателік пе, әлде жеке есепшот нөмірлерінің жоспарлы өзгеруі ме, нақтылап берсеңіз. Тағы бір сұрақ – неліктен интернет арқылы, атап айтқанда, КазКом банктің Homebank.kz порталы арқылы төлегенде менің ҚазТрансГазАймақтағы жеке есепшотыма төлем түспейді? Бұл ахуалды түзетуге бола ма?

Әсел Баспақова

- Жаңа түрлендірілген «Биллинг» базасының енгізілуіне байланысты 2017 жылдың мамырынан бастап жаңа жеке есепшоттар берілді, бірақ ескі жеке есепшоттар да сақталып қалды. Яғни, төлем жүргізген кезде және ескі немесе жаңа есепшотты терген кезде төлем тұтынушының мекен-жайына аударылады. Сіздің түбіртегіңізде, егер назар аударсаңыз, жеткізушінің ескі жеке есепшоты да жазылған. Сіздің екінші сұрағыңызға келер болсақ: КазКом банктің Homebank.kz порталы арқылы жеткізуші қызметін таңдап, тұтынушының жеке есепшотын дұрыс теру арқылы төлем жүргізуге болады. Тек бұл жағдайда төлем сомасы мекен-жайға есептеледі. Жеке есепшот абонентті бүкіл төлем жүйелері бойынша сәйкестендіреді және ол бірегей болады. Жеке есепшот нөмері бойынша Қазақстанның кез-келген нүктесінде тұрып қызметтерді төлеуге болатынын қаперге береміз.

- Ресейлік электр энергиясы есептегіштерін шығарушының (Владимир қ.) сайтында тексеру аралығы 10 жыл деп көрсетілген. Ал сіздер 5 жыл пайдаланғаннан кейін 5 мың теңгеден төлеуге мәжбүрлейсіздер. Қандай нормативтерді, бұйрықтарды негізге аласыздар?

Айболат Төре-Мұрат

- Егер зауыттық есептегіштің пломбасы жұлынбаған болса, тұтынылған газды есептеп тұрса, неліктен ауыстыруға мәжбүрлейді? Дайындаушы зауыт оларды әр 5 жыл сайын ауыстырып тұруға кеңес бермеген ғой. Есептегіштің жұмысын тексергілері келсе, неліктен тұтынушының есебінен жасаулары керек? Және оны кім тексереді?

Базарғали Мақашев

- Есептегіш аспапты тексеру – бұл жоспарлы тексеру, өлшем құралының белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау және растау мақсатындағы операциялар жиынтығы. Өлшем аспабының әрбір түрі үшін пайдалану мерзімі мен тексеру аралығы (тексеру мерзімі) белгіленген. Бұдан басқа, ҚР аумағында қолданылатын нормативтік талаптарға сай тексеру аралығының мерзімі өндіруші зауыттардың ұсыныстарымен сәйкес келмеуі мүмкін. Газ есептегіштерін пайдалану мерзімі мен тексеру мерзімінің есебін «КҚЕО-Атырау» ЖШС түріндегі абоненттік қызмет жүргізеді. Газ есептегішін тексеру датасы туралы хабарландыру жіберіледі. Тексеруге жіберу туралы мұндай хабарландыру тұтынылған қызмет үшін жіберілген түбіртекте де болуы мүмкін. 

Тексеру аралығы – бұл аспаптың сенімді жұмыс жасайтын кезеңі. Бұл уақыт өткеннен кейін есептегіштерде олқылықтар орын алуы мүмкін.

Жария шартқа сәйкес, «тұрмыстық тұтынушы газ есептегіш аспабын сақтауға, техникалық жағдайы мен тексеру жүргізуге жауапты болады». Есептегіш аспабын тексеру мерзімінің басталғаны туралы абонентке басталу мерзіміне жарты жыл қалғанда есепшот түбіртегіндегі ақпараттық хабарландырумен хабардар етіледі. Тексеруді тәуелсіз сертификатталған зертханалар немесе «НацЭкс» АҚ филиалы стационарлық жағдайда есептеу аспабын түсірумен және тексерумен немесе ұялы тексеру қондырғыларының көмегімен жүзеге асырады. Қолданылатын нормаларды Реттеуші (ТМРКД) бекіткен. 

- Жыл сайын газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шартын жасауға мәжбүрлеу заңды ма? Егер заңды болса, газ жабдығынан өрт шыққан кезде олар жауапты болуы тиіс. Шартта жауапкершілік формасы туралы ештеңе жазылмаған, ендеше неге жыл сайын 4765 теңге төлеуім керек? Маған адам жалдап, бәрін тексертіп алу арзанға шығады. Техникалық қызметтен бас тартсам, менен газды ажыратып тастауы заңды бола ма?

Нурик Казалиев

- Газ тұтыну жүйелерінің шарты түтіндік мен желдеткіш каналдарды тексеруге арналған акт болған жағдайда (жылына бір реттен кем емес) жасалады. «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес, коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады. Газ жабдығының дұрыс жұмыс жасауы үшін жауапкершілік тұтынушыға – тұрғын орынжайдың меншік иесіне жүктелген. Шарттың жасалуы газ плиталарының, газ колонкаларының, жылу қазандықтары мен пештерінің немесе басқа да аспаптардың жұмысқа жарамдылығын растап, өзіңізді, отбасыңызды және подъездегі, үйдегі көршілеріңізді қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін қажет. Газ жабдығына қызмет көрсету шартының болуы - газ жеткізу үшін қажетті шарт. Егер шарт болмаса, бұл газбен қамтамасыз етуді тоқтату үшін негіз болады. Әрине, бұл бір сәтте болмайды. Ережеге сәйкес, абонентке алдын-ала ескерту жіберіледі.

- Қазіргі уақытта «Қазгазтрансаймақ» АҚ газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шартын жасауды талап етуде. Өз жұмысымда қысымды түтіктермен жұмыс жасауды және газ шаруашылығын пайдалану жұмыстарын үйрендім. Мен бұл шартты жасамасам бола ма? Өйткені өз «құжатым» бар және үйімдегі газ жабдығы үшін жауап беруге әзірмін.

SG

- Газ шаруашылығындағы қауіпсіздік техникасынан өткендігі туралы жеке куәлік болған жағдайда, тұрғын үйдегі тұтынушыға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жасау құқығы бар аттестат алу керек, бірақ тек заңды тұлға ретінде ғана. Тек осы жағдайда ғана тұтынушы үйіндегі газ жабдығы үшін жауапты бола алады. Бұл ретте тұтынушы газ жеткізушіге газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шартын ұсынуы керек.

- Жұбайымыз екеуміз зейнеткерміз, Авангард, 3 ы/а, 43-үй, 70-пәтерде 14 жылдан бері екеуміз тұрып келеміз. Кезінде бүкіл коммуналдық мекемелерге пәтерде тұратын адамдардың саны туралы Үй кітапшасының көшірмесін бердім (ол кезде әлі жарамды еді). Арнаулы автобаза 3 адамға есептелген шот әкеледі. Мен бұл мәселені әлденеше рет көтеріп, пәтерімде тұратындар саны туралы мәліметтердің қандай дереккөздерден алынғанын түсіндіріп беруді өтіндім. Арнаулы автобаза КҚЕО-на сілтеп, солардың дерекқорларының негізінде маған 3 адамға есепелген шот жіберетіндерін айтты. Сол жерге барып, өзіңіз шешіңіз деді. Бұл мекемеге ұзақ уақыттан бері қоңырау соғып, ала алмай келемін. Осыған байланысты менде сұрақ бар. КҚЕО қандай негізде және қандай дерекқордан алып, пәтерде тұратындардың санын белгілейді? Бізде 3 немесе 4 адам емес, тек 2 адам тұратынын неліктен дәлелдеп жүруге тиіспін? Қалада белгілі бір мекен-жайы бойынша тұратындардың саны туралы бірыңғай дерекқордың болмағаны ма?

Николай Другов

- «Арнаулы автобаза» ЖШС мен «КҚЕО-Атырау» ЖШС арасында жасалған биллингтік қызмет шартының негізінде біз тұтынушыға шот-түбіртектерді есептеумен және жеткізумен айналысамыз. 2015 жылдың қарашасынан бастап біз «Бірыңғай төлем құжатын» (БТҚ) енгіздік. Оның құрамына «Арнаулы автобаза» ЖШС, домофон компаниясы, Алма ТВ және қаладағы бірқатар Пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативі секілді коммуналдық қызмет жеткізушілер кірді. Осы төлем құжаты бойынша қала тұрғындары кез-келген екінші деңгейлі банк операторлары, Қазпошта, терминалдық жүйелер немесе интернет-банкинг арқылы бір құжат бойынша бірнеше коммуналдық қызметті төлейді. Осы мекен-жай бойынша төлем 3 адамға есептелген, растаушы құжаттар ұсынылғаннан кейін жеткізуші («Арнаулы автобаза» ЖШС) осы мекен-жай бойынша адам санын 2 адамға өзгертті.

«ҚазТрансГазаймақ» АҚ газ жеткізуші ретінде бұл ықшамауданға қызмет көрсетпейді, Авангардқа жеткізуші «АтырауГазИнвест» АҚ қызмет көрсетеді.

- ҚР заңнамасында КҚЕО деген ұғым жоқ. Коммуналдық қызмет үшін төлем тәртібі бойынша «Коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары» негізгі заңнамалық құжат болады. Оның 4-тармағында тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасында өзара әрекет ету тәртібі, соның ішінде екіжақты шартқа сәйкес жүзеге асырылатын төлем тәртібі айқын белгіленген. Қазіргі кезде «КҚЕО» ЖШС заңсыз қызмет етіп отыр, өйткені мұндай мекемелердің құқықтық мәртебесі жоқ. Мұндай «орталықтардың» қызметі туралы қағида әзірленбеген, тиісті өкілетті органдар мақұлдамаған және бекітпеген.

Кирилл

- Бұл қандай кеңсе өзі, кім оны құрып, жалдаған? Неліктен ол бізге тұтынылған газ құнынан асып кететін бөлек төлем шоттарын тықпалайды? Абоненттер мен «ҚазТрансГазАймақ» арасында әлдебір делдалдың не қажеті бар?

Рустем Ислямов

- Атырау филиалы үшін 2015-2019 жылдарға биллингтік қызметтерді сатып алу туралы шартты «ҚазТрансГазАймақ» АҚ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның және меншік құқығы немесе сенімді басқару негізінде «Самұрық-Қазына» АҚ-на тікелей немесе жанамалай тиесілі акциялардың 50%-дан және одан жоғары пайызына дауыс беретін ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу қағидаларына» сәйкес жасалды. 

Біздің ЖШС тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға абоненттік қызмет көрсетуге байланысты бүкіл қызмет кешенін көрсетеді. Біз облыс бойынша барлығы 121 мың абонентке қызмет көрсетеміз, соның ішінде 2100-і КБП абоненттері.

Сонымен қатар, біз биллинг шартымен газдендіру жүйесінің бұзылуынан, өз бетінше қайта жабдықтау және газ құбырын көшіруден, газ тұтынатын жабдықтың нашар болуынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тұтынушылардан заң бұзушылықтарды анықтауға өкілеттіміз.

- Менде Махамбет ауылындағы Абай көшесі, 79-үйде тұрғын үйге және моншаға 2 газ желісі жүргізілген. Соңғы 5 жылда моншадағы қазандық жұмыс жасамай тұр. Бірақ бұл желіде есептегіш бар және есептеу аспабынсыз газды пайдалану мүмкін емес. Осы желі бойынша газ қолданбасам да, газшілер маған жоғары тарифпен түбіртек жазып берді. Негізгі желідегі кранды өзім жаптым және есептегішке газ келмесе де, газшілер өздіктерімен қосымша пломба салып, қосымша төлем жасағаннан кейін қосатындарын айтып ескертті. Алынбаған газге не үшін төлеуге тиіспін? Егер есептегіш газ қозғалысын көрсетіп тұрса пломбаның қажеті не? Бұл қайтадан қосқаны үшін тұтынушылардан қосымша ақша алу үшін жасалып отыр ма?

Базарғали Мақашев

- Бұл мекен-жай бойынша 2012 жылы шығарылған есептеу аспабының тексеру аралығының мерзімі өтіп кеткен. Соған байланысты тұтыну нормасы бойынша есептеу жүргізілді. Тұтынушыға газ тұтынатын осы нысанның пайдаланылмауына байланысты бұл нысанға газ беруді тоқтату ұсынылды. Өйткені тауар газын бөлшек сатудың Жария шартына сәйкес, тұрмыстық тұтынушыларға «Есептеу аспабын тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда тексеру мерзімі өткен датадан бастап тұтынылған газ көлемі үшін тұтынудың қолданыстағы нормалары бойынша есептеледі». Қазіргі уақытта нысан Тұтынушының жазбаша өтінішінің негізінде газбен жабдықтау жүйесінен ажыратылған.

Жазып алған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА Ескерту: Егер сіздің сұрағыңыз осы жарияланымға енбеген болса, сіз оны газеттің келесі шығарылымдарынан және біздің сайттан «Сұрақ-Жауап» айдарынан таба аласыз.

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

885 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Химиялық реакция  928 рет қаралды

Атырау әкімі жауап берді  1237 рет қаралды

Құлыбаев, әкім және бизнесмендер: әркімнің өз "қайғысы" бар  1516 рет қаралды

Атырауға 28 газ слесарі аздық етеді  782 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5