Атырау, 17 қазан 11:01
Күндіз бұлыңғыр болады+9, кешке +7
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 333.03  € 392.61  P 5.82

Көзсіз ғашық болғандар  

7 қазан 23:24


Абылай ӘДІЛБЕКОВ – Атырау облысы Қызылқоға ауданының тумасы. Жасы 25-те. Ол 12 жасынан бері қараңғылықта өмір сүріп келеді. Алматы облысы Қарасай ауданының тумасы Фариза БАҚЫТОВА да 14 жасында көз жанарынан айрылған. Бірақ, олардың арасындағы мыңдаған шақырымдар екеуінің махаббатына тосқауыл бола алмады.

Абылай спортта да, өнерде де біраз жетістікке жетіп үлгерген. Балалық шағын ауыл сахнасында ән айтумен өткізген ол бүгінде республикалық ән байқауларының да дипломанты атанып үлгерген.

Абылай болашақ жары Фаризамен ол WhatsApp мессенджері арқылы танысып, жарты жылдай сөйлесіп жүрген. Онда көзі көрмейтіндердің тобы бар. Сезімдерінің одан әрі өрши түсуіне Алматы қаласындағы шипажайдағы екеуінің демалысы себепші болды.

- Демалып Атырауға келгеннен кейін әке-шешеме осы қызға үйленетінімді айттым. Өзімнен бұрын ата-анам уайымдады. «Өзің де бірінші топ мүгедегісің, ертеңгі күні қалай болар екен. Бұл қадам – үлкен жауапкершілік», - деді. Ақырында ата-анамды көндіріп, содан үлкендердің батасын алып, Алматыға аттандым. Фаризаның ата-анасының рұқсатымен оны Атырауға алып келдім. Ата-анам Фаризаны көрді, ұнатып та үлгерді, қолынан шәй ішті. Қазір тойға қызу дайындық үстінде, - дейді Абылай. 


Ал Фаризаның ата-аналары атыраулық жігітке тұрмысқа шығуына бірден келісе қоймаған.

- Алыс қала, келіп көрмеген жер, өзімде де аздап қорқыныш болды. Анам қолдап, әкемді де көндірді. Сөйтіп үлкен апам мен жездем бізді пойызға шығарып салды. Атырауға келгеніме бір аптадай уақыт болды. Әзірге бұл жақтың ауа райына үйрене қоймадым.

Абылайдың отбасысы аудан орталығы Миялыда тұрады. Оның екі апасы және бір қарындасы бар. Анасы жеке кәсіпкердің қарамағында есепші, әкесі – жүргізуші. Абылай 4-ші сынып оқып жүргенде далада ойнап жүрген кезінде ит қауып алып, инфекция бас сүйегіне таралып кеткен. Алматы қаласында жүргізілген операция кезінде дәрігерлердің қателігінен көз тамырларына зақым келген. Сөйтіп бір күнде көз жанарымнан айырылып қалады. Төртінші сыныптан кейін бес жыл мектепті үйден оқыды. 9 жылдық білім алған соң Атырауға келіп, қоғамға мүше болып осында тағдырлас бауырларын табады. Былтыр Атырау гуманитарлық колледжінің музыка факультетіне оқуға түсті. Оқуы тегін, 30 мыңдай шәкіртақы алады.  

Фариза 14 жасқа дейін көріп келіп, кейін мүлде қараңғылық басып кеткен. Отбасындағы басқа балаларда да көздің көруінен проблема бар. Сондықтан ол әкесі жағынан тұқым қуалаушылық бар деп ойлайды. Себебі анасының көзі көреді. Фаризаға кәдімгі мектепті тастап, зағиптар және көздері нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түсуіне тура келді. Оны тәмамдап шыққан соң Спорт және туризм академиясына массажист мамандығына тапсырды.  Қазір академияның екінші курсында білім алуда.

- Үй болу қалай екен? Үй шаруасымен айналысу, тамақ пісіру қиындық тудырмай ма?

- Қазір қалада тағдырлас досыммен бірге пәтер жалдап тұрамыз. Оның бала-шағасы бар, әйелінің көзі көреді. Сол қол ұшын беріп отыр. Фариза да қарап отырмайды, көмектеседі. Тамағым пісірулі, көйлегім үтіктеулі. Өзім үйден таңертең кетіп, кешке бір келемін. Сабақта боламын, одан шығып соқырлар қоғамына барып ән айтып дайындаламын. Кешкісін залға барып жаттығамын. Күнім солай өтеді. Қалаішілік жұмыстарыма, сабаққа баруыма инва-таксиді пайдаланамын, ал жаттығуға бапкерім алып кетеді, - дейді Абылай.


Фариза жаңа бастағалы отырған өмірі мен жаңа қалаға қатысты әсерімен бөлісті:

- Бұрын тұрмыс құрамын ба деп уайымдайтынмын. Абылай сияқты жігітті кездестіріп, өз бақытымды тапқаныма қуаныштымын. Көңілінен шығуға тырысып жүрмін. Тек әзірге Атыраудың көшелерімен өз бетіммен серуендеп жүре алмаймын. Алматыда арнайы таяғыммен қоғамдық көлікпен оқуыма барып келіп, саябақтарға жиі шығып тұратынмын. Ол жақта жаяу жүргіншілер жолдары жүруге ыңғайлы, сөйлейтін бағдаршамдар да бар.

Жастар Абылай қолына дипломын алған соң ауылға көшіп баруды жоспарлап отыр. Өйткені ол шаңырақтағы жалғыз ұл. Абылай спорт пен өнерді де қатар алып жүргісі келеді. Екеуі де ертең қолғабыс болатын көп балаларымыз болса деп армандайды...

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

7402 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Атырауда қайыр сұрағандар қанша табады?  524 рет қаралды

​Жетімдер үйінен бала асырап алған отбасы  6752 рет қаралды

Өзіңе де ыңғайсыз, қонақтардан да ұят  1422 рет қаралды

Күндіз - хатшы, түнде - диспетчер  1572 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5