Атырау, 12 желтоқсан 20:59
Түнде бұлтты-1, таңертең 0
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 335.05  € 395.12  P 5.66

«Суретші реализмді салып білуі керек»  

12 қазан 16:12


Музейлердің бірінде өткен көрмеден, гипстен құйылған шынайы балықтан айнытпай салынған балықтардың мүсінін көрдім. Мүсіндерді соншалықты, тіпті қанаттарындағы іздерге дейін дөп мүсіндеген. Бұл атыраулық суретші, монументалист Мейірбек ЖАҒЫПАШЕВТЫҢ жұмысы екен. Еуропа елдерінде шеберлік сыныптарын өткізіп жүрген талантты жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Әрине алғашқы сұрақ оның бұл өнер саласына қалай келгендігі туралы болды:

- Бала кезімнен бері сурет салуға, ермексаздан түрлі мүсіндер жасауға бейім болдым. Күні бойы көшеде доп қумай, үйде отырып сурет сала беретінмін. Тіпті анам «далаға ойна!» деп қуып шығатын. Мектепте оқып жүргенде көптеген облыстық, республикалық өнер конкурстарынан жүлделі орын алып жүрдім. Кейін Н. Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясына оқуға түстім.       Бітірген соң Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Өнер Академиясының «Монументалды мүсіндеу» (монументальная живопись) мамандығына түстім. Әу баста-ақ ата-анам Алматыда оқуыма қарсы болды.

- Неге қарсы болды?

- Себебі олар басқа қалада, өздерінен жырақ жүргенімді естісе, қатты уайымдайтын еді. Әрі олар менің мұнайшы болуымды қалады. Олардың көзқарасы бойынша мүсінші немесе суретші жалақысы аз, отбасын асырауға ақшасы жетпейтін мамандық иесі. Сол себепті мен оларды алдап, «Атырауға оқуға түсемін» деп кетіп, Алматыдан бір-ақ шықтым (Мейірбек Исатай ауданы Жанбай ауылынан – авт.).  Мұнайлы астанадан сол кездегі оңтүстік астанаға келгенде, қалтамда 10  мың-ақ теңге болды. Академияда оқып жүргенде ата-анамнан ақша алмауға тырыстым. Жүк тасудан бастап, даяшылыққа дейін істеп, өз еңбегіммен оқып, бітірдім.

-Монументалды мүсіндеудің басқа мүсіндеулердің айырмашылығы неде?

- Станкавистер - кішкентай форматтағы мүсіндерді салады. Ал монументалды мүсіншілер үлкен көлемдегі жұмыстарды қамтиды. Монументалды мүсіншілер үшін шекара жоқ. Олар биік мүсіндерден бастап, кішігірім мүсіндерді де жасай алады. Тағы бір ерекшелігі - мүсіндеу өнеріндегі барлық стильдерді қамтиды. Кішкене ғана қасықтың мүсінінен бастап, ұлы тұлғалардың мүсініне дейін жасауға болады. Бұл бағытпен көбінесе ер адамдар айналысады.


- Туындыларыңыздың арасында балық мүсіндері жиі кездеседі. Мұның сыры неде?

- Өзім жанбайлықпын ғой. Ал екінші себебі, балықты бейнелеу арқылы көптеген өзекті мәселелерді қоғамға жеткізе аламын. Ал жанбайлықтардың балыққа деген «махаббаты» ерекше екенін бәрі біледі. Мысалы, рельеф техникасын қолданып жасаған бір туындым торға түсіп, аузынан уылдырығы шығып тұрған алтын балық. Осы мүсінге үңілсеңіз, қазіргі парақорлық мәселесін көресіз. Бостандықта жеп-жеп, торға түскесін жегенінің барлығын кері шығарып жатыр. Қазіргі қоғамның бір көрінісі ғой.

Жалпы монументалды мүсіндеу көптеген мүсіндеу техникаларын қамтиды. Солардың ішіндегі ең қызығы, бірегейі, осы -  рельеф техникасы. Рельеф - жарты бөлігі шығып тұрған мүсін. Оқу бітіргеннен соң өз күшіммен дизайн студиясын аштым. Сол студияның басты бағыты рельеф техникасын қолданып мүсін жасау болды. Тіпті, осы техниканы қолданып Президенттің Алматы облысындағы тау етегіндегі  демалатын жекежайын безендірген болатынмын. Бәрін шынайы, қолдан жасағандықтан оған  ұнады деген ойдамын.

- Көп суретшілер абстракция немесе реалистік бағытта салады. Сіздің бағытыңыз қандай?

- Леонардо Да Винчи, Микеланджело, Пикассо секілді ұлы суретшілер реализмнің барлық суреттерін салып, салатын ештеңе болмағындықтан соң ғана барып, абстракция бағытына көшті. Ал қазіргі суретшілер керісінше: реализм бағытында сала алмаса, абстракцияға көшіп кетеді. Шәкірттеріме «реализм бағытында сурет салып үйренгеннен соң ғана барып, абстракция салыңдар» деп  айтып, абстаркция бағытында суреттерді салғызбаймын.

- Еуропаның көптеген елдеріне барып мүсіндеу және сурет өнерінен тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарына қатысып жүрсіз. Еуропалықтар қазақ монументалисінің туындыларын қалай қабылдады?

-  Жалпы Еуропада мүсіндеу өнері де, сурет өнері де өте жоғары және өте жақсы дамыған. Бірақ, қазіргі Еуропа мүсіншілері мен суретшілері өздерінің арғы аталары секілді тамаша мүсінші, яки суретші емес. Олар қазір сурет салып, не болмаса мүсін оюмен емес, бұрынғы ата-бабаларынан қалған құнды суреттер мен мүсіндерді коллекциялаумен айналысып жүр. Бір айтарым, қазіргі таңда сурет, мүсін өнерінде Еуропа Азияға жол беріп келе жатыр. Енді өнер жағынан Азия дамуда. Олар үшін азиялықтардың қолынан шыққан мүсін мен сурет - ерекше дүние.

Шәкірттеріммен бірге Италия, Испания, Ресейдің көптеген қалаларында болдық. Барлығын да біздің мүсіндеріміз таңғалдырды. Қазір елімізде мүсін өнерінің түбін түсіріп жүрген жігіттер бар. Олардың есімдері танымал болмаса да, жұмыстары жоғары бағаға әбден лайық.

Леонардо Да Винчи атындағы Өнер Академиясынан бөлек Микеланджело Академиясында да болып, тәжірибе алмастық. Италияның Флоренция қаласында болып, білімімізді шыңдадық. Академияда бояуды қалай езу керек, мүсінді қалай қашау керек, бәрін-бәрін қайта үйреніп, үлкен тәжірибе алмастық.

- Қазақстандық ұлы суретшілер туралы не ойлайсыз?

- Мысалы, Әбілхан Қастеев туралы айтайық. Әбілхан атамыз – Қазақстандағы тұңғыш суретші. Өз суреттері арқылы қазақ халқының тұрмысын, жағдайын жеткізе білген. Көптеген суретшілер өз суреттерін сөйлете алмайды. Ал Қастеев өз суреттерін сөйлету арқылы үлкен жетістіктерге жетті. Ол реализм бағытында суреттер салды.

- Бір сөзіңізде «Ұстаздық етуден ешқашан жалықпаймын» депсіз. Шәкірттерге білім бергеннен гөрі, студияда отырып сурет салған оңай емес пе?

- Ұстаздық ету - сондай бір тамаша іс. Өзіңнің шәкіртің бір бәйгеде оза шауып, жеңімпаз атанып жатса, қатты қуанасың, шәкіртіңмен бірге қуанасың. Адам бір өнер саласын меңгергеннен соң оны ішінде сақтап қалмауы тиіс. Бойындағы өнерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру - өнер адамының  өнер алдындағы парызы деп білемін. Сол себепті өзім білетін өнерді шәкірттеріме үйреткім келеді, бойларына толық сіңіргім келеді. Қазір шәкірттерім көптеген республикалық конкурстарда жүлделі орындарды алып жүр.

- Өнер адамы үшін жаңа бір дүние жасап шығару үшін шабыт керек. Сіз шабытты қайдан аласыз?

- Иә, «шабыт келмей жатыр» деп айтады ғой. Менде ондай жоқ. Шабыт келмей жатыр деп бір жыл, екі жыл, тіпті 10 жыл жүруге болады. Шабыт келтіретін - адамның өзі. Алдымен бір жұмысты бастау керек, содан соң шабыт өзі-ақ келеді. Өнер адамы шабыт алу емес, шабыттана білу керек! Музейлерді қарап жүргенде ойымызға көптеген жаңа ойлар келеді, идея туады. Сол кезде бірден келіп, кірісіп кетсе, шабытпен жаңа, тамаша дүниелер жасауға болады. Яғни, адамға байланысты.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор


Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

476 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Компьютерлік диагностикаға сенуге бола ма?  509 рет қаралды

Қармағымыз қанды болсын!  779 рет қаралды

Қыстақтағы үш күн  1670 рет қаралды

Санжар Мадиев: Жақсы кітаптар оқыңыз  722 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5