Атырау, 22 қараша 14:14
Кешке бұлтты+7, түнде +5
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 330.29  € 387.27  P 5.56

Өлі және тірі су    

9 қараша 19:17

Су тазартуға арналған құмыра-сүзгілер, көпсатылы сүзгілер, кері осмос... Бүгінде нарықта шүмектен ағатын қауіпті суды пайдалы суға айналдыру үшін не ұсынылмайды десеңізші. «АЖ» тілшісі анық-қанығын анықтауға тырысқан еді.

ШҮМЕК ЖАНЫНДАҒЫ ДӘРІС

Бәрі де қолдарында шабадандары бар адамдардың үйіме келіп, жарты сағаттың ішінде ауыз су туралы түсінігімнің быт-шытын шығарып кетуінен басталды. Шүмектен ағатын су қауіпті екен.

Бұған қазір көзіңіз жетеді, – деді жас жігіт шабаданын ашып.

Шабадан ішінде – қонақтарымның айтуынша, Германиядан шығарылған күрделі тазарту жүйесі бар суға арналған сүзгі бар екен. Маған құбыр суын өз сүзгім арқылы өткізіп, нәтижелерді сылыстыруды ұсынды. Келісім бердім.

Су сүзіліп жатқанда, жігіт адам ағзасының 70 пайызы судан тұратыны туралы дәріс оқыды.

– Біз не ішсек, ағзамыз сондай болады. Ал біз не ішіп жүрміз? Хлорға қаныққан, әртүрлі ауыр металдар мен түрлі қоспалар қосылған суды ішіп жүрміз. Су құбырларының қалай ауыстырылатынын көрдіңіз бе?

– Ммм…

– Үйіңізге жөндеу жүргізіпсіз, - деді айналасына көз тастаған жігіт жорамалдап, - құбырларды да ауыстырған шығарсыз...

Менің жауабымды күтпестен сөзін жалғастырды:

– Міне, сіз оларға қақ, тот және лас өңездер тұрып қалғанын көрген боларсыз. Сіздің шүмегіңізден осындай су ағады. Оны ішкен кезде сіздің тамырларыңыз да осы бітеліп қалған су құбыры сияқты болады. Түйіндер, тұзды түзілімдер пайда болады. Ал бауыр мен бүйректе не болады? Бүгінде әрбір екінші адамның бүйрегінде тас бар. Неліктен? Бәрі де біз ішіп отырған судан. Қорқынышты ма? 

– Иә…

– Келісемін. Сіз өз денсаулығыңызды күтесіз,  – деді күтпеген жерден жігіт менің қымбат емес құмыра сүзгіме қарап.

- Бұл жақсы. Бірақ одан еш пайда жоқ. Тек зиян дер едім.

Неге зиян?

– Біздің суымыз агрессиялы, құмыра зиянды заттарды, ауыр металдарды тұта алмайды және хлорды бейтараптандыра алмайды. Оған қоса ол ауру тудыратын бактерияларды жинайды. Суды осындай сүзгіден әрбір өткізген сайын оларды сумен тыңайтып отырасыз. Сондықтан оны лақтырып тастаңыз, - деп сөзін түйіндеген жігіт өзінің бірегей су тазарту жүйесін жайып салды: түрлі зиянды элементтерден қорғайтын үш картридж, кокос талшығынан жасалған бақылаушы тазартқыш және сатушының басты мақтанышы – мембрана, оның корпусында АҚШ жалауының суреті жапсырылған. 

- Бұл мембрана кезінде құпия әзірленім болған. Ол ғарыш кемелеріндегі суды тазарту үшін пайдаланылған. Бүгінде оның кішірейтілген аналогы осы шағын тұрмыстық су тазарту жүйесінде қолжетімді болып отыр. Осынау бірегей мембрананың аналогын бірде бір сүзгі өндірушіден таба алмайсыз, - деп түсіндірді жас жігіт.



ҮШ СТАКАН

Сол кезде су да сүзгіден өтіп болды. Жігіт мөлдір шыныдан жасалған үш стакан сұрады. Оларды шүмектен аққан сумен, шәйнегімдегі қайнаған судан және ғажайып жүйеден өткізілген сумен толтырды. Маған үш үлгіні де иіскеп, содан соң кезекпен әр стаканнан су ішуімді, дәмін қандай екенін айтуымды өтінді. Құбыр суын ішуден бас тарттым, стакан түбінде қара түсті бірдеңелер жиналып, су сарғылт тартып тұр екен.

Аааа, қорқасыз ба?! Міне, шүмектен осындай су ішіп отырсыз, – деді майсайраған сүзгі сатушы.

Әрі қарай жігіт, оның айтуынша, «су стандартын» анықтайтын аспапты шығарды:

Нөлден 10-ға дейін – өлі су. 10-нан 60-қа дейін – нағыз таза су, 60-тан 120-ға дейін – бұзыла бастаған су. Оны балаларға бермеген жөн. 120 және одан жоғарғы көрсеткіштегу су – техникалық су, оны тұтынбау керек. Еуропада егер су көрсеткіші 300-ден асса – онымен тіпті машинаны да жумайды екен.

Бірінші стаканда аспап 463 деген санды көрсетті. Иә, еуропалықтар талып құлар еді. Қайнаған су көрсеткіші – 450. Айырмашылық көп емес. Ал ғажайып сүзгімен тазартылған су 20 деген санды көрсетті.

Шынайылық болу үшін мейман тағы бір сараптама жүргізді: шабаданынан шағын су қайнатқышты еске түсіретін аспапты алып шықты. Оны құбыр суы құйылған стаканға және сүзгіден өткен су бар стаканға салды. Бірінші стакандағы су лайланып, қарая бастады, қорқынышты қара-жасыл көбік пайда болды, ал екіншісіндегі су сәл сарғайды.

Көрдіңіз бе, не болып жатқанын? Мұның бәрі металлдар мен ластықтар, осының бәрі ағзаңызға түседі. Мына қара нәрсе – хлор.


Әрі қарай кез-келген жерде емес, «президенттік СЭС-те» сүзгіден өткен судың сараптама мәліметтерін, жоғары марапаттар алғаны туралы дипломдарды, сапа сертификаттарын және т.б. ұсынды.

Сөз соңында маған бірегей мембранасы бар ғажайып сүзгінің құнын айтты – 1 500 АҚШ доллары тұрады екен. Егер дәл қазір қолма қол ақшаға сатып алатын болсам, 200 доллар жеңілдік жасайды екен. Ал қолма-қол ақша болмаса ше? Ештеңе етпейді екен! Маған бастапқы 300 доллар жарнаны салып, қалғанын бір жылға бөліп төлеуді ұсынды. Мүлдем ақшам жоқ деуге тура келді. Бұған алғыр сатушылар:

Түк те етпейді, біз қазір сізге сүзгіні орнатайық, келісімшарт жасайық, ал ертең алғашқы жарнаңызды өтейсіз. Ал егер сіздің ұсынысыңыз бойынша достарыңыз бен туыстарыңыз осы сүзгіні сатып алатын болса, олардың әрқайсысы үшін сізге 100 доллардан жеңілдік жасаймыз.

Өйтіп-бүйтіп оларды шығарып салдым.


ХИМИЯ САБАҒЫ

Қонақтарым кеткеннен кейін қымбат сүзгіден өткен су графиннің ішінде қалды. Мен оны мақтағандай пайдалы ма екен деп, сараптамаға тапсыруға ұйғардым. Сараптама шынайы болу үшін судың тағы бірнеше сынамаларын жинап алдым: құбырдан аққан, кері осмостан тазартылған, құмыра сүзгісінен өткен суды, құбырдың қайнатылған суын, дүкеннен сатып алынған пластик бөтелкедегі, тапсырыспен алынған 19 литрлік бөтелкедегі, сондай-ақ, бессатылы тұрмыстық сүзгіден өткізілген суды алдым.

8 сынама суына нөмір салып, олардың химиялық құрамын анықтау үшін аккредителген ақылы зертханаға тапсырдым.

Зертханашылар су құрамын зерттеп, аниондар мен катиондарды санап жатқан кезде, мен әлгі сатушы меймандардың фокус сырларын ашумен айналыстым.

Сонымен, бірінші аспап судың тазалығын көрсетеді екен. Ол судың электр өткізгіштігін өлшеуге ғана қабілетті болып шықты. Екіншісінде сатушы екі электрод – анод пен катодтан тұратын қарапайым электролизаторды қолданды. Осындай аспапты мектепте оқып жүргенде қандай колбада сүзіліп тазартылған су бар, қайсысында қарапайым су бар екенін анықтау үшін химия сабағында қолданған едік. Электр тоғының әсерімен қарапайым химиялық реакция жүреді – тазартылған судан басқа кез келген судың құрамындағы тұз шөгіп қалады. Сүзгі сатушылардың хлор және ауыр металл деп айтқан құбыр суы құйылған стакандағы қара «лас» нәрсе – қарапайым тұздар. Олардың тазартылған суда болмауы түсінікті.

«АЖ» анықтамасы:
Суды қоспалардан тазартудың заманауи тәсілдерінің бірі - кері осмос: су мембрана арқылы өтеді, оның саңылаулары онда еріген қоспаларды өткізбейді. Бұл өте жоғары деңгейде тазартылған (сүзгіден өткізілген суға жақын) су алуға мүмкіндік береді. Суда магний, сынап, нитраттар, нитриттар, стронций, күшәла, қорғасын, сульфаттар, темір, хлор, сондай-ақ, көптеген (бірақ бәрі емес) бактериялар мен вирустар секілді зиянды заттар жойылады. Өкінішке орай, мұндай сүзгі судан адам денсаулығы үшін өте қажетті 20-дан астам пайдалы: кальций, магний, натрий, фтор тұздары және басқа да заттарды жойып жібереді. Сондықтан кері осмоспен тазартылған су «өлі су» деп есептеледі.

Мен арнайы дүкендерді аралап шықтым. Таңдау көп – қарапайым құмыра сүзгіден бастап, үш-бес картридждері бар шағын тазарту қондырғыларына дейін бар. Кері осмос жүйесі бар дүкендегі ең қымбат тұрмыстық сүзгі 120 мың теңгедей тұрады. Ал маған ұсынған «бірегей» фильтрлер Германияда емес, Түркиядан шығарылады екен. Шетелдік интернет-дүкендердегі сайтта олардың ең жоғарғы бағасы 200 доллар.


ҒАЛЫМ НЕ ІШЕДІ?

Біздің сынамаларымыздың зертханалық нәтижелері, шынымды айтсам, мені таң қалдырды. Сүзгіден өткеннен кейін судың құрамының өзгергені сондай, ол басқа химиялық түрге еніпті. Құбырдағы қарапайым суды зертхана қызметкерлері типі бойынша гидрокарбонатты-хлоридті-калий-магнийлі суға, ал тазартылғаннан кейін, мысалы, құмыра сүзгіде сүзілген суды сульфатты-хлоридті-натрийлі суға жатқызған.

Біз бүкіл талдамаларды ҚР Минералды ресурстар академиясының мүше-корреспонденті, Asia Waters компаниясының ғылым жөніндегі директоры Евгению ПЯТОВҚА жолдап, ұсынылған сулардың ішінен өз денсаулығы үшін қауіптенбей өзі іше алатын суды таңдауды өтіндік. Евгений Александрович кәдімгі құбыр суы мен дүкеннен алынған бөтелкедегі суды таңдады. Ол былай екен.

Құбыр суы табиғи қайнар көздерден алынады, сондықтан олардың химиялық құрамы адам үшін анағұрлым қолайлы. Рас, құбыр суы үшін бір ортақ жағымсыз мәселе – ескірген құбырлардың механикалық және микробиологиялық ластануы. Ұсынылған  сынамалардан олардың құрамын зерттеп, құбыр суы мен дүкендегі бөтелке суына таңдау жасадым. Қалған сулар физиологиялық толыққандылық жағынан сай келмейді, - деп таң қалдырды Пятов.

– Мәселен, Астанада біз 19 литрлік бөтелкедегі 11 сауда маркасының суына зерттеу жүргіздік. Олардың барлығы сүзілген су болып шықты. Өндірушілер осмосқа немесе ионды-алмасатын шайырға негізделген тұрмыстық сүзгілерді пайдаланады. Мұнда шайырлар судағы натрийді арттырады. Тұрмыстық сүзгілер судың химиялық құрамын өзгертпей, механикалық және микробиологиялық ластануды жоюы тиіс.

– Ауыз судың физиологиялық толыққандылығы деген не?

– Ауыз судағы еріген тұздардың оңтайлы құрамы (судың минералдануы) мен адам ағзасы мен органдарының физиологиялық процестеріне қатысатын кальций, магний, гидрокарбонат, фтор, йод секілді биологиялық белсенді элементтердің құрамы туралы мәселемен  медицина өткен ғасырдың ортасынан бері айналысып келеді. Қазіргі ауыз су қауіпсіздігінің санитарлық нормалары заттарды максималды құрамды шектеу тұрғысында судағы шекті рұқсат етілген концентрацияны қарастырады. Мәселен, ауыз судың минералдануы литріне 1000 миллиграмнан аспауы тиіс. Судың қаттылығы 7 мг-экв/л-дан аспауы тиіс және т.б. Өнеркәсіптік ауқымда тұщытқыштар пайда болғанша, ауыз суда құрамы 0,5 мг/л кем болмайды және 1,5 мг/л аспайды деп белгіленетін фторды қоспағанда, судағы элементтердің құрамын және минералдануын минималды концентрация бойынша шектеу ешкімнің де ойына келмеді. Фтор концентрациясы аз болғанда санитарлық нормативтік құжаттармен сонау кеңес жылдарында-ақ суды фторлау қарастырылды. Судың химиялық анализдерінің нәтижелерін ауыз судың нормативтік физиологиялық толыққандылығымен салыстырыңыздар (кестені қараңыз). Минералдану бойынша 200-500 мг/л мөлшеріндегі тұз құрамы анағұрлым оңтайлы болады. Бірақ, көріп отырғанымыздай, тұрмыстық сүзгілер ағза үшін маңызды элементтер - кальцийдің, магнийдің, гидрокарбонаттың концентрациясын, сондай-ақ, қаттылық мәнін едәуір төмендетеді. Осындай көрініс Көкшетауда, Астанада, жалпы Қазақстан бойынша байқалады.


– Ал төменгі минералданған су адам ағзасына қалай әсер етеді?

– Мәселен, егер қанда кальций жетіспесе, онда ол сүйек жүйесінен алынады, ал егер кальций көп болса, ол бүйректен несеппен шығарылады, ішінара бүйрек астауына шөгіп, тас түзеді. Құрамында кальцийі аз суды үнемі тұтынған кезде қан сұйылып, физиологиялық процестердің бұзылуына және ағзаның кальций қорын іздеуіне әкеп соғады. Сол кезде кальций сүйектен алынып, остеопороздың дамуын тудырады. Сүйек жүйесі үнемі кальцийді қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің ағзасының жағдайы одан да мүшкіл. Тіпті, дамыған елдерде, егер ауыз суда осы элементтер тапшы болса, азық-түліктер кальций мен магнийдің тапшылығын тиолтыра алмайды.


Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор


Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

1465 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Судың да сұрауы бар  952 рет қаралды

Гоаның ғажайыптары  1337 рет қаралды

Балықшыларға да, балыққа да оңай емес  962 рет қаралды

​Әупілдек жайын, ақ киімді әйел және Атыраудың басқа да аңыздары  1945 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5