Атырау, 11 желтоқсан 20:24
Түнде бұлыңғыр болады-1, таңертең 0
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 334.32  € 392.29  P 5.63

Қыстақтағы үш күн    

16 қараша 11:00


Жайлы жер деген түсінік баршамызға таныс. Қашан да өзімізге үйреншікті нәрсені өзгертуге қорқамыз. Сондықтан «АЖ»-ның жаңа тілшілерінің бірі, қазақ тілін білмейтін Анастасия Атырау даласының шалғай қыстағына барып, сол жерде тіршілік етіп, жұмыс жасап көруге аттанған болатын... 

БҰЛ ЖЕРДЕ ДЕМАЛЫС ЖОҚ

Қыстаққа дейінгі жол алыс еді. Алдымен Атыраудан 77 км қашықтықтағы Таңдай селосына жетіп, әрі қарай қыстаққа дейін 12 шақырым жол жүру керек. Жылы киімдерімді көбірек алып, смартфоныма онлайн-аудармашыны жүктеп, жолға шықтым. Мені КӨЗДІҚАРА қыстағында он жылдан астам уақыттан бері тұратын үй қожайыны Бағытжан ЖАРАСОВ қарсы алды. Ол жұбайы Кәмшат екеуі төрт қыз тәрбиелеуде.

Осы отбасымен кездескен кезде қазақтың қонақжайлылығы деген ұғымды бірден түсіндім. Мен келеді деп құрметтеп, мол дастархан жайыпты. Ал мені өз туғандарындай қарсы алды. Тіл кедергісіне қарамастан, танысып қана қоймай, тілдесе де алдық. Бірер сағаттан кейін «спасибо» дегенді «рахмет» деген сөзден сирек қолдана бастадым. Бұл жерде бір айдай қалсам қазақ тілін әжептәуір үйреніп алар едім деп ойлаймын.

Қыстақтағы жұмыс күндері демалыс күндерінен аса ерекшеленбейді екен.

Бұл жерде «демалыс» деген ұғым жоқ, өйткені әр күн – жұмыс күні. Ерте тұрып, таңғы асымызды ішкеннен кейін әркім өз ісіне кіріседі. Мен мал жаямын, боталар үшін загон саламын, әлсін әлі сиыр мен жылқыны қарап келу үшін жайылымға барып келемін. Кәмшат үй істерімен айналысады, тамақ дайындайды, қызыма қарайды. Демалыс күндері Таңдайдан басқа қыздарым келеді. Дастархан жайып, көршілерімізді шақырамыз. Ет асып, шай ішеміз, әңгіме-дүкен құрамыз, қалжыңдасамыз, күлеміз. Бұдан артық не керек?! – дейді Бағытжан.


ЖАЙЛЫЛЫҚ ЖОҚ

Қыстақтағы төрт үйдің бәрі де пешпен жылытылады. Бұл жерде газ да, электр жарығы да болып көрмеген. Сондықтан түнде түзге шығу керек болса, өзіңмен бірге біреуді ертіп, шам алып шығуға тура келеді. Әжетхана сыртта, оған қараңғыда бару қорқынышты. Айтпақшы, Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан МӘЖИЕВПЕН кездесу кезінде одан газ бен жарық жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзір екендігін, тек қаржыны күту қалып отырғанын білдім. Әкімнің айтуынша, мұндай игіліктерге қатысты проблема таяу айларда шешілуі тиіс. Сондықтан Мәжиев мырза сөзінде тұрады деп үміттенеміз.

ТҮЙЕ САУУ 

Кешке қарай маған түйе сауып көруді ұсынды. Бұл малдың жайылымнан тойып келіп, төлін емізіп, түнеуге қалатын уақыты. Аяғыма галош, үстіме халат киіп, қолыма шелек ұстап, Кәмшатпен бірге түйе қораға бет алдық. Қаша (загон) деген өте қызық, созылған шеңбер секілді орын екен. Қабырғалары нығыздалған шөп пен сабаннан жасалған, ал ішінде боталарға арналған кішкентай қора бар. Төлдерге сыз өтпеу керек, сондықтан қораның төсемдерін күн сайын ауыстыру қажет, боталар аналары келгенше сол жерде болады. Бағытжанның шаруашылығында 5 інген бар, оның 4-уі екі өркешті, әрқайсысының төлдері бар.


Ымырт үйіріле бастады, алыстан бірінен кейін бірі аяқтарын жайбарақат басқан шөл даланың ғажайып кемелері көріне бастады. Төлдері аналарын көрген сәтте боздап, ерсілі-қарсылы қозғалып, айналаны у-шу қылып жіберді. Олармен бірге мен де масаттанып әрі қорқып, мазалана бастадым. Алып та әсем жануарды бұрын көрсем де, дәл жақыннан көрмеген едім. Інген «мына жерде адамдар толып кетіпті ғой» дегендей, маңғазданып жанымнан өте шықты.

Түйе сауу ұсынысына ерекше құлшыныспен қарадым, өйткені бұрын ешқашан ешбір малды сауып көрмеген едім. Бұл жерде де шеберлік керек. Анасы төлін емізіп жатқан кезде сауған жақсы екен. Ботақан анасын еміп жатқанда, інген иіп, өте жайбарақат күйге түседі, демек, іске кірісуге болады. Ол үшін аяғына арқан байлап, саууға ыңғайлы болу үшін кейін қарай бұру керек. Бір қарағанда оп оңай көрінеді. Бірақ олай емес екен. Бір аяқтап тұрып, екінші аяғыңа шелекті қойып, дұрыс сауа білу үшін ептілік қажет. Сауған сүтім шелекке баяу ағып жатты, содан соң жануарды ұзақ азаптамай, эстафетаны қожайын әйелге бердім. Кәмшаттың қолы желінге тиген сәтте сүт саулап төгілді. Бес литрлік шелектің жартысын сүтке толтырдық.

– Бұл аз, - деді Кәмшат. – Көктем мен жазда сүт анағұрлым көп болады.

Алынған сүттен қожайын әйел шұбат жасады. Мен сол кезде шұбаттың дәмін алғаш рет татқан едім.

АЙҒЫРДЫ ЕРТТЕУ

Кешкі шаруалардан кейін атпен серуендеуді ұсынды. Жылқының артынан айналып өтпек болғанда, бәрі шулап: «Артқы жағынан  болмайды!» деп айқайлады. Айналадағылардың абыржыған түрлерін көріп, не болғанын ұғынғаннан кейін айғырды алдынан айналып өттім. Тіпті, бұрын жылқы малына мініп көрмеген маған арғымаққа міну қиынға түспеді. Сорок Пять деген лақап аты бар жылқы тыныш тұрды, шамасы, бүгін бір адамның дебюты екенін түсінген сыңайлы.

Бағытжан шаруашылығында арғымақтардан басқа, соғымға арналған жылқыларды да бағады екен. Оларды да жайылымға жайып, жем-шөп береді, бірақ арғымақтардан айырмашылығы, оларға лақат ат берілмейді. Жалпы, ауыл жұмысына мүлдем пайдаланбайды. Арғымақтарға құрметпен қарайды, оларға пышақ тигізбейді. Қазақтың салты бойынша малды қоңыр күзде – қыс басталарда сояды. Өйткені бұл кезде жануар қоң жинайды. Күн суық болғандықтан ет бұзылмайды, оны сақтауға қатысты қиындық туындамайды.

ЕТ АСУ ӨНЕРІ

Әдетте түнге қарай ет асып жейді екен. Кешкі асты дұшпаныңа бер деген қаланың ережесін ұстансаңыз, кешкі асты дала қазағына беріңіз - оның сізді дұшпан деп есептемейтіні сөзсіз. Дұрыс дайындалған етті, әрине, асықпай, әңгіме айта отырып, қолмен жеу керек. Тамақтану әдебі осындай. Бұл астың дәмділігін сезіну үшін астан кейін берілетін сорпадан бас тартпаған жөн.

Бастапқыда қолмен жеу ыңғайсыз болды. Қамырдан жасалған еттің наны қолымнан жылпылдап түсе берді. Ал туралған кесек етті ұстау анағұрлым ыңғайлы екен. Астан соң Кәмшат күрең шайын берді. Шынымды айтсам, бір дастархан басында жеті кесе шай ішіп көрмеген едім, дәмді шайды іше беріппін. Ол да «Қызым, шай іш!» деумен болды. Бастысы, қарның жарылып кетпеу керек.

ҚАЗАҚША КЕРУЕТ

Кешкі асқа тыңқиып тойып алған соң, бәрі ұйқыға дайындалды. Кәмшат та маған жататын орын әзірледі. Әрине, керует болады деп күтпедім. Бірақ маған оның орнына одан мың есе артық нәрсені ұсынды. Оны таңертең арқамның құрыс-тырысы жазылып, демалып қалғанынан түсіндім. Көрпе салып беріп, соған ұйықтаған едім. Қатты жерге ұйықтау пайдалы екенін көптен білетінмін, тек байқап көрудің сәті енді түсті. Үйге келген соң міндетті түрде осы затты алатын болдым.

Айтпақшы, ұйықтар алдында бөлмені желдетіп алу үшін тереземді сәл ашқан едім, түн жым-жырт екен... Машинаның дыбысы да, жүргіншілердің дауысы да естілмейді, құдды бір вакуумның ішінде қалғандайсың. Тіпті, қорқыныштылау көрінді. Бірақ ананы-мынаны ойлауға мұршам келмеді, қатты шаршаған едім. Басым көпшікке тиген бойда ұйықтап кетіппін.

БАУЫРСАҚ ПІСІРУ ДЕ ӨНЕР

Келесі күні көрші қыстаққа кеттім. Ол жерде КҮЛӘШ апа құшақ жайып қарсы алды. Бір-бірімізбен амандасып болған соң, бірден бауырсақтың қамырын әзірлеуге кірістік. Сөйтсем, қазақтың осынау дәмді тағамының құпия құрамы үй қаймағы екен. Қаймақтың арқасында бауырсақ жеңіл әрі жақсы көтеріледі. Негізінде қамырды түнге қалдырады, сол кезде бауырсақ өзгеше дәмді болады екен. Қамырды жылы жерге қойған соң, қожайын әйел шығып кетті де, он бес минуттай уақыттан соң бір құшақ отынмен оралды.


Күләш апа, неге мені көмекке шақырмадыңыз? Ой, қызым, сен өзің тіпті мынадай жүдеусің ғой, - деп кішкене шынашағын көрсетіп, күлді. – Отыр, демал. Қазір тезек әкелемін, екеуміз пеш жағамыз, бауырсақ пісіреміз.

Бауырсақ көтеріліп жатқан кезде, Күләш апа екеуміз әңгімелестік. Бір бірімізбен сөйлесу оңай болу үшін қазақша сөздерді көбірек қолдануға тырыстым, ал менің сұхбаттасушым керісінше орысша сөздерді қосып сөйледі. Қазақ даласының түрлі аңыздары, әлдебір шайтанның немесе албастының адамдарға көрініп, оларды қорқытатыны туралы әңгімелерге қатты қызығатынмын.

– Әй, қызым, көрмедім. Алла сақтасын, - деп жауап берді Күләш апа.  

Әңгіме айтып отырып, күн еңкейіп қалғанын бір-ақ байқадым. Кешкісін Күләш апаның үйіне қонақпен амандасу үшін көршілері келді. Тағы да дастархан үстін жайнатып тастады. Бұл натюрмортта, әрине, негізгі тағам асылған ет болатын.

ҚОШТАСАР КЕЗДЕ

Таңертең таң атып, бөлме ішіне күн шуағы төгілді. Ұйқым шайдай ашылды. Смартфонымды алып, ұтымды суреттер іздеп, шығып келуді ұйғардым. Түнде қатқақ болыпты: жерді, арбаны, шөпті, тіпті, түйелердің жотасын қырау шалыпты. Брр..., суығын-ай. Кешікпей ашық қорадан қой мен боталарды шығара бастады, олар баяу ғана бірінің соңынан бірі ырғалып шыға бастады, шамасы ұйқыларынан әлі оянбаған секілді.

Настя, шай іш! – деп дауыстады Кәмшат. Үйге қарай асықтым.

Соңғы рет, дастархан басында жиналып отырып, менің қыстақтағы көрген-білгендерімді қызу талқыладық. Осы таңғы ас кезінде сегіз кесе шай ішіп, өзімнің рекордымды орнатып тастадым.

Заттарымды жинап, үйге қайтатын кез келді. Мені қарсы алған кездегідей жылы шығарып салды. Тіпті, ренжітіп алған жоқпыз ба деп сұрады.

– Жоооқ, апай, - деп жымидым. Қайдағы реніш? Өйткені бұл жалықтырған жайлы орыннан шыққан кездегі ең қолайлы жер болды.


Анастасия АЛЮШИНА

Суретті түсірген автор және Марат ТАКУЛИН

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

1663 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Гоаның ғажайыптары  1388 рет қаралды

Ұлтшылдың жайлы бейнесі  3037 рет қаралды

«Хиуазбен» Мәскеуге дейін  1456 рет қаралды

Қармағымыз қанды болсын!  773 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5