Атырау, 11 желтоқсан 20:25
Түнде бұлыңғыр болады-1, таңертең 0
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 334.32  € 392.29  P 5.63

Тастаймыз ба, сақтаймыз ба?

29 қараша 19:31


Үйдің ішін тазалап жүріп, ескі медициналық қызуөлшегіштер, жанып кеткен энергия үнемдеуші лампалар мен жарамсыз батареялар салынған қорапқа тап болдым. Бұл қораптың шкафтың ішінде тұрғанына көп жыл болды, әрі үнемі толығып тұрады. Көрген сайын лақтырып тастасам ба екен, әлде кәдеге жарату үшін тапсырып көрсем бе екен деп ойланып қаламын. Сөйтіп екінші жолды таңдадым.

Алдымен таныстарымнан білгенім, жанып кеткен лампалар мен жарамсыз батареяларды бәрі де қоқысқа лақтыра салады екен. Тек кейбір ірі шетелдік компанияларда экологиялық зиянды қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер орнатылған. Содан кейін мұның бәрі компанияның өзінің қауіпті қалдықтарымен бірге кәдеге жаратуға жөнелтіледі.

Бірақ қоршаған ортаны ластағылары келмейтін қалған саналы азаматтар үшін басқа бір жол болуы тиіс қой?

Ғаламтордан Атырауда қалдықтарды, соның ішінде, химиялық қалдықтарды жинаумен, сақтаумен және залалсыздандырумен айналысатын «WestDala» ЖШС-ін таптым. Дегенмен, тұрмыстық лампалар, қызуөлшегіштер мен батареялар салынған пакетті менен қабылдауды бас тартты: сөйтсек, олар тек заңды тұлғалармен ғана келісімшарт негізінде жұмыс жасайды екен.

Атырау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына бардым. Ол жердегілер «Атаким» ЖШС-не жүгінуге кеңес берді:

- Олар медициналық және құрамында сынап бар қалдықтарды кәдеге жаратумен айналысады. Тек заңды тұлғалармен ғана емес, жеке тұлғалармен де жұмыс жасайды.

Мен аталмыш нөмірге қоңырау шалып, алдымен қоршаған орта мен отандастарымның қамын ойлайтын қарапайым қала тұрғыны болып таныстым. Таң қалғаным, олар қалдықтарды маған қолайлы кез келген уақытта үйден алып кетуге келісті:

- Құрамында сынап бар заттар айрықша тасымалдануы тиіс. Бізде ол үшін арнайы көлік бар.

«АЖ» анықтамасы: Медициналық сынап термометрінде 1-ден 2 граммға дейін сынап болады. Егер ол зат үй-жайдың ішіне төгілсе, онда улы бу концентрациясы шекті рұқсат етілген нормадан 1000 есеге дейін асып кетуі мүмкін. Сынған бір қызуөлшегіштің біреуі 6000 шаршы метрден астам алаңдағы ауаны бүлдіру үшін жеткілікті. Егер улану көзін жоймаса, онда сынап буы көп жылдар бойына үй-жайда сақталады. Осы себепті көптеген елдерде сынапты термометрлерді шығаруға тыйым салынған.Тұрмыста қолданылатын энергия үнемдеуші лампада орташа алғанда 3-5 мг сынап болады. Егер мұндай лампа 20 шаршы метр алаңдағы орынжайда сынатын болса, ауадағы зиянды қоспалар құрамы нормадан 347 есе асып кетеді.


Керемет! Рас, компания қызметіне әрбір қалдық үшін 220 теңгеден төлеу керек. Бәрін қосқанда – 2 860 теңге. Бұл азаматтардың экологиялық жауапкершілігі үшін едәуір сынақ екен... Сәл кейінірек, журналист ретінде өзімді таныстырдым. «Атаким» ЖШС директоры Әсемгүл ҚАЙЫРҒАЛИЕВА былай деп түсіндірді:

- Негізінен біз мемлекеттік және жеке мекемелермен жұмыс жасаймыз. Егер жеке тұлғалардан кімде-кім сіз сияқты бізге хабарласса, біз қызмет көрсетуге дайынбыз. Қаладан бүкіл тұрғындарға қолжетімді болатын арнайы жинау пункттерін ашу қажеттілігі жергілікті биліктік құзырындағы мәселе. Ал ол үшін тиісті қаржыландыру керек.

Айтпақшы, ЖШС тек энергия үнемдейтін лампалар мен медициналық қызуөлшегіштерді ғана қабылдайды. Батареялар әзірге өңделмейді екен. Ал дамыған елдерде істен шыққан қуат көзінің элементтері мен тұрмыстық және оргтехникалар жақсы өңделеді. Батареялардың рециклингінен кейін алынған шикізатты (темір, графит, мырыш пен марганец сульфаттары) жаңа қуат көзі элементін жасау үшін де, басқа салаларда, соның ішінде фармацевтика мен косметологияда да пайдалануға болады. Ал, мәселен, компьютерлер мен ұялы телефондарда темір, мыс, алтын, тіпті, платина да бар. Осындай өңдеумен айналысатын кәсіпорын қоқыстан едәуір, тұрақты табыс тауып отырады. Қазақстанда көбінесе мұның бәрі қоқыс орнында жатады. Қауіпті тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мүмкіндігі туралы сұрақпен энергетика және ТКШ басқармасына да, экология басқармасына да жүгіндім. Өкінішке орай, нақты жауап ала алмадым.


Бұдан басқа, өткен жылы қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысу үшін құрылған «Оператор РОП» ЖШС мамандарымен хабарластым. Ондағылар былай деп түсіндірді:

- Біз өңірлердегі жергілікті билікке құрамында сынап бар лампалар мен химиялық қуат көздерін жинауды ұйымдастыруда қолдау көрсетеміз. Атырау облысына жыл аяғына дейін жергілікті балансқа арнайы 40 контейнерді беруді жоспарлап отырмыз. Содан кейін оларға қызмет көрсетуді билік ұйымдастыруға тиіс. Бүгінде Астана мен Павлодарда осындай жұмыстардың нәтижелі мысалдары бар.

Электроника мен тұрмыстық техникалар сататын ірі дүкендердің бірінен істен шыққан қуат көздерінің элементтерін, зарядтау құрылғылары мен ұсақ техникаларды жинауға арналған контейнерлерді көрдім. Дегенмен, бұл контейнерлерді тек қажет емес нәрсені тапсырып, жеңілдік алуға болатын арнайы акция күндері ғана пайдалануға болатынын түсіндірді.

Бұдан басқа, ірі электр тауарлары дүкендері энергия үнемдеуші лампаларға кепілдік ұсынады. Егер мерзім аяқталғанға дейін істен шықса, қолыңызда сатып алғаныңыз туралы чек пен жөнелтпе құжат болса, оны дүкенге қайтарып, орнына жаңасын алуға болады. Балық жоқта шаян да балық деген сөз бар ғой.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

«АЖ» анықтамасы: АҚШ қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметтері бойынша, елде қатты тұрмыстық қалдықтар құрамындағы бүкіл уытты металлдардың 50 пайыздан астамы батареялардың үлесінде. Пайдаланылған батареялардың құрамында сынап, қорғасын, кадмий, қалайы, никель, мырыш, магний болады. Лақтырып тасталған бір батарея 20 текше метр жер мен 400 литр суды ластауға қабілетті.

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

882 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Өлі және тірі су  1616 рет қаралды

«Ильич шамымен» қоштасу  1745 рет қаралды

Сүйіктісінің интим суреттері бар смартфонын жоғалтқан астаналықтың басы бәлеге қалды   752 рет қаралды

Күннен қалқаламайтын аялдамалар  1321 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5