Атырау, 11 желтоқсан 20:23
Түнде бұлыңғыр болады-1, таңертең 0
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 334.32  € 392.29  P 5.63

Өмірмен қоштасуға асықпа...

6 желтоқсан 09:54


Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше,  биыл облысымызда 4 адам суицид жасап өз өмірлерімен қош айтысса, 6 адам өздеріне қол жұмсамақшы болған.

Мамандардың айтуынша, адамдардың өзі-өзіне қол жұмсауына бірнеше факторлар әсер етеді: әлеуметтік жағдайы, мінезі мен психологиясы, ал тіпті кейде адамның жасы да әсер ететін көрінеді. Өтпелі жас кезінде болатын күйзеліс кезінде адамда өз-өзіне қол жұмсауға икемділік артады.

Аида, 19жаста:

- Өтпелі жаста ғаламтордан түрлі нәрсе қараймыз. Әлеуметтік желілердің бірінен «Бір күнге өліп қалғым келеді. Сол кезде менің кімнің шынайы жақсы көретінін білетін едім» деген сөзді оқығаннан кейін, көптен ойланып жүрдім. Бірақ өліп, қайта тірілуге болмайтынын білсем де, оны ойлауға мұршам болмады. Осы сөз ұзақ уақыт ойымнан кетпеді. Өзіммен- өзім тұйықтала бастадым, достарыма, отбасыма сын көзбен қарай бастадым. Кейін бәрі қалпына келді, бірақ жан- дүниемде өзгерістер болды. Жақын адамдарымның көмегі болмаса, білмеймін не боларын...

Соңғы уақытта жастарды өздеріне қауіпті іс-әрекеттерге итермелейтін әлеуметтік желілердегі «ойындар» туралы көп айтылды. Жақында тағы бір түрі шығыпты: онда автокөліктерге бағдаршамның жасыл белгісі жанғанда жолға жүгіріп шығуға насихаттайды. Бұл ойынның соңы немен аяқталатыны белгілі. Дегенмен, өзіне өзі қол жұмсауға көбіне ауыр өмір жағдайлары итермелейді.

Максим, 25 жаста:

- Өлгім келгені рас. Жұмыссызбын, ата- анам ішкіш. Күнде ұрыс- керіс. Болашағым бұлыңғыр екенін білдім. Сол себепті о дүниеге аттанғым келді. Бәрін дайындап қойдым. Бірақ қолымнан келмеді. Кейін бірнеше күн тұрмастан жаттым. Сонда да әке-шешем қасыма келіп, не болғанын сұрамады. Қазір жұмысым бар, соған да шүкір, бірақ бәрібір көңілім пәс.

Қазір барлық мемлекеттерде өмірінен баз кешіп жүргендерді қолдап, суицидтің алдын-алу мақсатында қауырт желі ашылған. Қазақстанда 150 нөмірі арқылы осындай психологиялық кеңес береді.

Қазақстан Дағдарыс орталықтары одағының психологы Салтанат МАУСЕИТОВА:

- Есірткі заттарға, алкогольге және құмар ойындарға тәуелді адамдар да суицид жасауға бейім болады. Психикасы сау емес адамдардан бөлек терең депрессияда жүрген, өмірі қиындап кеткен адамдар суицидке икемді. Сондай-ақ, егерде ата- анасында қандай да бір психологиялық ауытқу болса, олардан туылған балаларда да қауіп бар. Яғни суицидке депрессиядан бөлек генетикалық, психологиялық және әлеуметтік факторлар әсер етеді. Суицидке дайындалып жүрген адамның белгілері: үнемі көңіл- күйінің жоқ болуы, асқа тәбет болмауы және т.б. Мұндайды байқаған айналасындағы адамдар көмек қолын ұсынуы керек.

Әлемдегі барлық дінде өзіне қол жұмсау үлкен күнә болып саналады. Fatua.kz сайтында "Өзін-өзі өлтірген адам үлкен күнәһар болады, бірақ діннен шықпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай жағдаймен өлген кейбір кісілердің жаназасын оқымаған. Дегенмен өзін-өзі өлтірген мұсылман адамның жаназасы оқылады,- делінген".

«АЖ» анықтамасы: БДҰ статистикасына  сүйенсек әлемде әр 40 секундта 1 адам, жылына 800 000 астам адам өз-өзіне қол жұмсайды екен.  Көп жағдайда өз өмірлерін өздері қиатын 30- 49 жастағы ер адамдар. 

Фархат ӘБІЛОВ

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

364 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Көпірде тағы да суицид орын алды  1525 рет қаралды

Қоқыстан да ақша жасауға болады  2166 рет қаралды

Атырауда жасыл-желекті қалай өсіруге болады?  1553 рет қаралды

Көршінің «Көк киті» Қазақстанға да жетті   798 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5