Атырау, 11 желтоқсан 20:25
Түнде бұлыңғыр болады-1, таңертең 0
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 334.32  € 392.29  P 5.63

Атыраулық жігіт Майкрософт инженерлеріне көмектесті    

6 желтоқсан 15:17


Атыраудың тумасы, 20 жастағы Тимур ҚОЖАҒАЛИЕВ ІТ-инженерлер командасы құрамында Microsoft компаниясының «кеңейтілген ақиқат» (Augmented Reality) көзілдіріктерінің базасында адам мүшелерінің 3D үлгілерін жасауға арналған қосымша жасап шықты. «АЖ» тілшісі жас, бірақ танылып үлгерген жерлестеріңізбен хабарласқан болатын.

- Тимур, сен қазір қайдасың?

- Қазір АҚШ-тамын, алмасу бағдарламасы бойынша Калифорния технологиялық университетінің ІІІ курсында оқып жатырмын. Осында бір жылдай болып, кейін Лондонға, өзім оқып жатқан  University Collegе London (UCL) оқу орнына ораламын. Ол жерде мен екі жыл білім алдым. АҚШ-тан оралған соң UCL-дың төртінші курсын магистр дипломымен тәмамдаймын, бағытым – информатика және есептеу техникасы.

- Сендер не ойлап таптыңдар?

- Нақтылап кетейін: біз ештеңе ойлап тапқан жоқпыз, Microsoft HoloLens көзілдіріктерін Microsoft компаниясы құрастырған. Біз UCLH PEACH Reality қосымша-жүйесін жасап шығардық, ол компьютерлік томография суреттерін екі өлшемді ақ-қара кескіннен үш өлшемді түрлі-түсті кескінге өзгертеді. Бұл қосымшаның көмегімен аурудың нақты тарихын қарауға болады. Сонымен қатар компьютерлік томография суреттерін дәл ота үстінде кез келген адам мүшесінің голограммасына айналдыруға мүмкіндік береді. 3D-графикада «тіркеу» деген түсінік бар: 3D-үлгі өзінің прототипінің үстіне қойылады. Біздің қосымша виртуалды мүшені оның адам денесіндегі шынайы орнына қоюға мүмкіндік береді және дәрігер ауруды пациенттің денесі арқылы көре алады. Инвазивті ота барысында ағзаға ену нүктесін нақты есептеп алу қажет, яғни, бірінші кесу ағзаға мейлінше аз залал келтіретіндей болуы шарт. Біздің технологиямыз отаны алдын ала жоспарлауға көмектеседі.

- Тәжірибеде қолданысқа енгізілді ме?

- Жоқ. Оған дейін әлі көп уақыт бар деп ойлаймын, себебі, медицинадағы барлық жаңалық қолданысқа енгізілместен бұрын көптеген тексерулер мен тәжірибеден өтеді. Дегенмен бірнеше елдің хирург-дәрігерлері маған хабарласып, жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Microsoft-тың өзіне де жоба ұнаған, мен оны жазда таныстырған едім. Қосымшаның медициналық тәжірибеде қолданылуын әрі қарай жақсарта түсу керек, ол жұмыстармен қазір Лондонда келесі ІТ-команда айналысуда. Мен олармен қарым-қатынастамын, алыста жүрсем де көмектесуге тырысамын, себебі, алғашқы кезеңде негізгі құрастырушы, команда лидері болған едім.

- Ал сен командаған қалай тап болдың?

- Бұл жоба менің ІІ курсымның бір бөлшегі болып табылады. UCL информатика курсының қолданбалылығымен ерекшеленеді. Сіз тек теорияны оқып қоймай, шынайы мамандармен жұмыс істейсіз – бұл жағдайда біз хирургтармен қызметтес болдық. Мен өзімді І курста жақсы жағымнан көрсеттім, соның ішінде медициналық информатика және технологиялар саласына қызығушылығымды білдірдім. ІІ курста UCL Hospital-дың бөлігі болып табылатын хирургтар тобымен жұмыс жасау мүмкіндігі пайда болды. Біздің университеттің жанында госпиталь жұмыс жасайды, сондықтан медицина қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған.

- Қосымшаларыңыз патенттелген бе?

- Әзірге жоқ, Англияда бұл оңай шаруа емес, дегенмен біз лицензия алдық. Лицензия патент сияқты мықты қорғамағанмен, біз идеямызды ұрлап алады-ау деп аса көп қорықпаймыз.

- Жоспарыңда не бар?

- Мен әзірге студентпін. Жазда түрлі компанияларда белсенді түрде сынақтардан өтемін, тәжірибе жинауға тырысамын. Ал, магистратурадан кейін докторантураға тапсырамын немесе индустрияда жұмыс жасаймын деп жоспарлап отырмын. Бірақ кейін қайта келіп, докторантураны тәмамдағым келеді.

- Тағы басқа немен айналысасың? Бос уақытыңды қалай өткізесің?

- Мен өз мамандығымды жақсы көремін, университеттегі жобалардан бөлек өзімнің жеке, бос уақытымда жасайтын жобаларым да бар. Оқығанды жаным сүйеді, кітаптарының бәрін түгесуге жақындаған ең жақсы көретін авторым – Харуки МУРАКАМИ. Ежелгі қытай гимнастикасы тайчимен айналысамын, бұған дейін жапон жекпе-жегі кэндомен де айналыстым. Шынында, көп жұмыс жасаймын, сондықтан соншалықты бос уақытым жоқ.


- Атырауда соңғы рет қашан болдың?

- Менің отбасым Алматыда тұрады, сондықтан Қазақстанға келгенде мен Алматыда боламын, ал Атырауға көп бара бермеймін. Мен Атырауда 1 сыныпқа дейін тұрдым, кейін көшіп кеттік, дегенмен, туыстарымыздың көпшілігі Атырауда тұрады. Сондықтан ол менің туған қалам.

- Кез келген адамның Англияда немесе АҚШ-та оқуға мүмкіндігі жоқ. Ол үшін не істеу керек?

- Өте ақылды, білімді адамдармен бірге оқитын менің жолым болды деуге болатын шығар әрі олардың барлығы бірдей ауқатты отбасыларының балалары емес. Көпшілігі өз еңбектерінің арқасында жетістікке жеткен. Орта мектепте жақсы оқыған, жақсы жоғары оқу орындарына түскен, сол жерде қажетті білім алып, түрлі сараптамалар жүргізген. Менің жағдайымда маған әкем көмектесті. Ол кезінде әлемдегі ең мықты саналатын техникалық жоғары оқу орнына – оның арманындағы МІТ (Массачусетс технологиялық университеті) оқуға түскісі келген. Алайда жолы болмады, түрлі себептерге байланысты Мәскеуде техникалық оқу орнын аяқтап, кәсіпкерлік саласына бет бұрды. Алайда өз арманы туралы бізге үнемі айтып отыратын. Мен аз болса да оның арманын орындауға үлесімді қостым деп есептеймін. Әкеме деген ризашылығым шексіз.

- Англияда және Калифорнияда қазақстандық студенттер бар ма? Олармен араласасың ба?

- UCL-де көппіз – 200-ге жуық. Калифорния университетінен тек бір қазақ қызын білемін, басқаларымен кездеспедім. Араларында менен де ақылды студенттер бар, олардың осы жерде қазақстандық мәртебені биікке көтеріп жүргендеріне ризамын.

- Елге қайтқың келе ме?

- Қайтқым келеді. Бірақ қазір емес. Қазір жоғары технологиялар, озық зерттеу жұмыстарына жақын жүруім керек, ол Англия мен Америкада, көп жағдайда Америкада мүмкін. Сондықтан осы жердемін. Бірақ ерте ме, кеш пе, елге оралатыным анық. Тіпті, ІТ-саланы дамыту мақсатым да бар. Әрине, елімізде бұл салада жасалып жатқан жұмыстар баршылық, мәселен, Egov, дегенмен қор жеткілікті. Сондықтан, басты жоспарым – докторантураны аяқтап, ірі техникалық компанияларда тәжірибе жинап, кейін Қазақстанда осы сияқты бастамаларды енгізгу.

- Шетелде білім алғылары келетін жастарға қандай кеңес берер едің?

- Әдейі формулам жоқ, бірақ ынталандыруға болады. Англияда, мәселен, егер сен қызығушылық танытып, ынтаңды білдірсең, адамдар сенің ұлтыңа, қай жақтан келгеніңе назар аудармайды. Мен үнемі 100 пайызға жұмыс жасауға тырыстым, тапсырма берілсе, артығымен орындайтынмын. Өзгелерге қарағанда көп еңбектенсең, егер сенің қолыңнан іс келетінін өзгелер көрсе, сен міндетті түрді көзге түсесің. Сенің еңбегің бағаланады. Бұл, менің ойымша, кез келген саладағы табыстылықтың, жетістіктің сыры.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттер мен бейнежазба Тимур Кожағалиевтің мұрағатынан

«АЖ» анықтамасы: Виртуалды ақиқат (virtual reality, VR) пен кеңейтілген ақиқаттың (Augmented Reality, AR) қандай айырмашылығы бар? Біріншісінде адам орнатылған дисплейі бар шлемді киеді, бұл жерде бастың қозғалысы шлемде орнатылған тетіктердің көмегімен қадағаланады, ал қолдың қозғалысы арнайы қолғаптардың көмегімен жүзеге асады. Бұл компьютер құрастырған әлемге «енуге» мүмкіндік береді. Аталған әдіс түрлі компьютерлік ойындар мен симуляторларға ғана қолданылады. Кеңейтілген ақиқаттың VR-дан айырмашылығы - ол тек кейбір виртуалды элементтерді пайдаланады, олар шынайы әлемнің бейнелерімен «араласып» кетеді. AR жүйесінде қоршаған әлемді бейнекамера бақылап тұрады, одан түскен сурет компьютерлік өңдеуден соң монитор немесе көзілдірік экранына шығарылады. Компьютер заттарды немесе арнайы белгілерді кадр бойында танып, шынайы видеоға қосымша суреттер ретінде бастырады. Бұл жерде виртуалды бөлігі тұрақты болмайды, ол бейнекамера белгісі арқылы компьютер үзіліссіз бақылап отыратын қоршаған ортаның бейнесіне байланысты. AR-ды техникалық жүзеге асырудың екінші бір түрі күңгірт көзілдірік арқылы қолданушының шынайы ортаны бақылай алуында. Бұл жерде виртуалды бейне көзілдіріктің беткі қабатына арнайы проектордың көмегімен түсіріледі. Бұл сызбада бейнекамера қозғалыс тетігінің рөлін ойнайды – қолданушының қараған бағытына қарай отырып ол компьютерге бағыттама беріп, шынайы және виртуалды бейнелерді дәл біріктіруге көмектеседі. 

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

563 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Бәс тігемін деп басың кетпесін  1235 рет қаралды

Журналистер күні. Нью-Йорк және Фриско  904 рет қаралды

Жерлесіміз қатерлі ісікті зерттеуге 2 млн доллар берді  2580 рет қаралды

Ыстық күндегі жағажай көрінісі  1044 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5