Атырау, 26 сәуір 03:19
Таңертең ашық+15, күндіз +16
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 326.28  € 398.22  P 5.29

Атырау суретшілері: Темірбек Мұхтаров    

6 сәуір 10:51


Мектептерде бейнелеу өнері пәніне неге дұрыс көңіл  бөлінбей келеді? Театрға көрермен жинау неге қиын? Олар біздің театрдан не күтеді? Халықаралық театр күні қарсаңында Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек МҰХТАРОВ осы және өзге де сауалдарға жауап берді.

АКАДЕМИЯДАН ТЕАТРҒА

- Cіздің творчестволық бенефисіңіздің өткеніне көп бола қойған жоқ. Сол кештің барысында көрмеңіз ұйымдастырылып, онда картиналарыңыздан бастап қойылымдарға қажетті декорациялар, бутафориялар, реквизиттер қойылды. Сол кешіңізде білгеніміздей, сіз суретші емес, актер болуды армандапсыз. Сізді театрға алып келген сол арман ба?

- Жооқ (күлді), бұл режиссер мен актерлардың менің шығармашылығыма арналған қойылымда көрерменге қызық болсын деп ойдан құрастырған сценарийлері ғой. Мен бала күнімнен актер емес, суретші болсам деп армандағанмын. Және театрға кездейсоқ келдім десем де болады. Ол кезде Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында сурет және кескіндеме пәнінен сабақ беріп жүргенмін. Бір күні Кіші өнер Академиясында жұмыс жасағаныма он жыл толуына орай, жасаған жұмыстарымның инсталяциялық көрмесін өткіздім. Соны көрген облыстық театрдың сол кездегі режиссері Тілеген АХМЕТОВ мені театрға суретші керек деп, жұмысқа шақырды. Мен театрға бірден барғым келген жоқ. Себебі, мұғалім болып қалыптасып, жоғары қарай өрлеп келе жатқан кезім. Әрі сол кезде жалақым да театрда ұсынған жалақыдан, тіпті, басқа мектеп мұғалімдерінен де көптеу еді. Кейін бір спектакльдің декорациясын қоюға келістім. Бірінші спектаклімізді - «Сыған серенадасын» қойдық. Ал екінші спектакль қойғаннан кейін маған театр әлемі ұнай бастады. 



"АЖ" анықтамасы: 
Темірбек Мұхтаров 1968 жылы Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында дүниеге келген. 1993 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітіріп, туған ауылындағы орта мектепке бейнелеу өнері пәні мұғалімі болып жұмысқа кіреді. Үш жылдан кейін Н. Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясына ауысады. 2005 жылдан бастап Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі (бас суретші) болып жұмыс істейді.

- Көп адамдарға сахна сыртында не болып жатқаны қызық. Сахна сыртындағы әлем қандай? Қарамағыңызда қанша маман бар, олар қандай қызмет атқарады?

- Мен көркемдік қойылым бөлімін басқарамын. Мұнда ағаш, декорация, бутафория, реквизит тігін, киім цехы  және дыбыс пен жарық цехы бар.

- Театрдың техникалық қызметкерлері қанша жалақы алады?

- 80-100 мыңнан бастап, 110-120 мыңға дейін. Еңбекке қатысу коэффициентіне және істеген жұмыс көлеміне байланысты. Техникалық қызметкерлер 30-40 мың теңге. Мен бас суретші ретінде 110-120 мың теңге аламын. Енді театр академиялық атақ алып жатыр, Алла қаласа, алдағы уақытта жалақымыз өсетін шығар деп отырмыз.



СПЕКТАКЛЬ ҚҰНЫ ҚАНША?

- Спектакльдер қоюға бюджеттен қаржы бөлінеді ғой. Смета қалай жасалады?

- Смета жылына бір жасалады. Мысалы, бізде бір жылда қойылатын 5-6 спектакль, олар кейде жетеу болуы мүмкін, көркемдік кеңесте ұсынылады. Спектакль құны оның тақырыбы мен кейіпкерлеріне байланысты шамамен қойылады. Сол сметаны директор барып қорғайды. Смета бекітілген жағдайда қаражат театр есепшотына қаңтарда түседі. Содан кейін театрдың бас суретшісі ретінде мен барлық цехтармен бірге спектакльді қайтадан талқылаймыз. Калькуляция бойынша бухгалтермен ақылдасады, қажетті заттарды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы, ал кейбірін келісімшартпен сатып алады. 

 


- Осыған дейін ең қымбатқа шыққан спектакль?

- Көбіне классика қымбатқа шығады. Мәселен, «Қарагөз», «Нұр жауған ғұмыр», таяуда ғана репертуарға қосылған «Сүйінбай» спектаклдері.   Қарапайым тұрмыстық қойылымдар арзанға - 1 миллион, кейде 500 мыңға шығады. Бірақ, қазір ондай сомаға да шығатын спектакль жоқ.

- Театрдан басқа жалақысы жоғары жұмыс ұсынса барар ма едіңіз?

- Үйреніп қалған жылы жеріңнен кету қиын ғой. Кіші өнер академиясынан да әрең кеттім ғой. Мен онда бейнелеу өнерін оқып келген маман ретінде бағаландым. Ал көп мектептерде, соның ішінде, қазақ сыныптарында әлі күнге дейін бейнелеу өнері пәніне жеңіл қараушылық, сол пән мұғалімдерін бағаламаушылық бар. Бейнелеу тек суретшілерді тәрбиелейді деп ойлайды. Бұл олай емес. Жалпы, тәрбиеге қатысты нәрсенің көбі бейнелеуге байланысты. Бұл кәдімгі математика, қазақ тілін оқытатын пән сияқты. Ол баланың ішкі дүние танымын дамытады. Атырауда бейнелеу өнері пәні  тек Кіші өнер академиясында ғана емес, басқа  мектептерде де жоғары деңгейде өтуі керек.  Оны сіз де жақсы меңгеріп, бояумен жақсы жұмыс істеп, жақсы суретші болмай-ақ, экономист я басқа қалаған маман иесі бола аласыз. 



КӨРЕРМЕН ПСИХОЛОГИЯСЫ ТУРАЛЫ

- Қазіргі өнер саласында сізді не мазалайды?

- Адамдардың театр мәдениеті төмен. Спектакльге мектеп, колледж оқушыларын алып келіп жатады. Бәрі дерлік телефонмен ойнап отырады. Ал олардың орнына орта жастағы, біз қатарлас, бізден үлкен ересек адамдар отбасымен келіп көрсе дейсің. Өз еркімен. Бірге келіп, талқыласа, көрсе, тыңдаса, алары мол болар еді. Олар күйкі тіршілікте күнкөріс қамымен жүгіріп жүріп, рухани даму жағын ұмыт қалдырады. Ал егер олар спектакль көрсе, өмірлері жақсара түсер ме еді. Көптен іздеп жүрген сұраққа жауапты осы спектакльден табар ма еді. Ерлі-зайыптылар тұрмыстық тақырыптағы спектакльден кейін ойлары өзгеріп, бір-бірін қайта ұғысар ма еді. Бүгінде ажырасудың көптігі де осыдан деп ойлаймын.

Неге ажырасады? Демек, о бастан мақсат-мүдделері мен көзқарастары бір емес. Ондай жұптар өте көп. Отбасы болу керек, әйтеуір бала тарату керек екен деп қосыла салып, әкемнен я шешемнен ұят қой, ер жеттім, үйлену керек қой деп қосыла салатын адамдар көп. Бір-бірімен шын тіл табысып, шын түсінісіп қосылмағасын...  

 


- Театр жақында жөндеуге тұрады. Сіздер сол кезде демалысқа шығасыздар ма?

- Барынша тоқтатпай жұмыс жасайын деп жатырмыз. Сәуірдің 17-21-і аралығында Алматыға М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына гастрольдік сапармен барғалы жатырмыз. Үлкен зал жөндеуге тұрса, кіші залда Мұқанғали Томанов, Жанат Телтаев режиссерлермен бірге қысқа эксперименталды спектакльдерді сахналау жоспарда бар.  
 


- Сіздің әкеңіз өз заманында өңірімізге белгілі айтыскер ақын болған. Сіз де өлең жазасыз.

- Бірақ, мен суырып салма ақын емеспін. Бенефисімде актерлар өлеңдерімді оқып, сахналық көрініс қойды. Мысалы, мен кезінде Виктор Цойға қатты еліктегенмін. Сол Виктор Цойдың әндеріне ұқсай ма деймін кейбір өлеңдерім. Қазір жазбаймын. Себебі, менде бос уақыт жоқ. Театрда жұмыс жетеді. 





Айнұр САПАРОВА

Фото/видео: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ, Ғани САҒЫНДЫҚОВ

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

1202 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Тақырып бойынша жаңалықтар

Әзілдің өзі - зіл  1340 рет қаралды

Күндіз - хатшы, түнде - диспетчер  2023 рет қаралды

Динара Бақтыбаева: «Гонорарымды анама бердім»  2947 рет қаралды

Майталмандар мектебі  1981 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4