Атырау, 18 маусым 23:54
Таңертең ашық+25, күндіз +25
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 336.39  € 390.28  P 5.36

«Азаматтық» министрдің Атырауға сапары    

10 маусым 17:05


Министр ҚАЛЕТАЕВПЕН және Азаматтық альянс басшысы ҚОЖАХМЕТОВПЕН өткізілген дөңгелек үстелде неліктен ҮЕҰ өкілдерінің орнына шенеуніктер жайғасқан? Неліктен «Самұрық-Қазына» жергілікті әлеуметтік жобаларға арналған ақшалай қаражаттың көп бөлігін Астана мен Алматыға бөледі? Осы және басқа да мәселелер жұма күні, 8 маусымда Атырау облысының әкімдігінде өңір басшысы Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кездесуде айтылды.

Дархан Қалетаев


Кездесуге облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, мәслихаттар депутаттары мен аудан әкімдері шақырылды.

Қазір республикада тіркелген шамамен 20 мың үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) бар, бірақ олардың барлығы бірдей жұмыс істемейді, деп мәлімдеді Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев. Атырау облысында 500-ден астам ҮЕҰ тіркелген, олардың 100-ге жуығы жұмыс істейді.

- Жұмыс істемейтін ҮЕҰ-ды қайта тіркеуден өткізу және жабу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Оларды жабудың басқа да әдістері бар, барлық нұсқаларды қарастырамыз.


Мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік тапсырыстарға ие болу үшін министрліктің сайтына тіркелу керек. Қазіргі уақытта 4 мыңға жуық ұйым тіркелген. Жақында парламент коммерциялық емес ұйымдар туралы заң жобасын президенттің қол қоюына жіберген. Онда олардың мемлекетпен серіктестік, соның ішінде қаржылық әріптестік шарттары енгізілген.  

Республика бойынша 19 млрд теңгеден астам қаржы әлеуметтік тапсырыстарға бөлініп отыр, оның 5 млрд-тан астамын шетелдік қаржыландыру құрайды.  

Елімізде елімізде 30 мыңға жуық адам ҮЕҰ-да жұмыс жасап жатыр.  

Министрден кейін ҮЕҰ-ға сөз берілді.

Шынар Ізтелеуова
Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар ІЗТЕЛЕУОВА:

- Өкінішке орай, Атырау облысындағы үкіметтік емес сектор қазіргі уақытта облысты дамыту жөніндегі жобалар мен бағдарламалар мониторингіне қатыспайды деуге болады. Мұның себебі - қоғамдық кеңесте ҮЕҰ өкілдері жоқ, бәлкім, біреу ғана бар шығар. Осы кеңестің құрамын қайта қарау керек, оның мүшелерінің кемінде үштен бірі немесе жартысы ҮЕҰ өкілдері болуы тиіс. Сондай-ақ, облыстық мәслихат та үкіметтік емес сектормен селқос әрекет етеді. Қалалық мәслихатқа үлкен рахмет, олар ҮЕҰ-мен белсенді жұмыс жасайды. Қазір осы кездесуде теңқұқылы диалог болуы тиіс, бірақ «дөңгелек үстелде» кімдер отыр? Біз бөлек, дөңгелек үстелдің сыртында қалғандаймыз. Мұның өзі бізге деген көзқарасты көрсетеді.

Әрі қарай Ізтелеуова жасанды түрде құрылған ҮЕҰ туралы өз пікірін білдірді:

- Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жасанды құрылған ұйымдар тез жабылып қалады. Мысалы, Қазақстанда 14 Орхус орталығы бар, оның тек екеуі жұмыс жасайды. Мемлекеттiк тапсырысты әзірлеу үшiн ғана жасанды құрылған ҮЕҰ өте көп. Олар бір-екі жылдан кейін жұмыс істемейді.

Осы және басқа да талап-арыздарға Қалетаев жыл соңына дейін қоғамдық кеңестер туралы заң дайындалатынын және ҮЕҰ да ұсыныстар қабылданатынын айтты:

- Біз осы 19 млрд теңгені мониторингке бөлгіміз келеді. Қай облыстарда және қандай жобалар, қалай орындалған және тағы басқалар. Біз қоғамдық кеңестің 4 мың мүшесі туралы дерекқор құрғымыз келеді, олар кімдер, қандай кеңестер құрамында, қайдан келген және қандай ҮЕҰ.

Ноғаев та сынға жауап берді:

- Бізде қоғамық кеңес құрамында 30 пайыз азаматтық қоғам өкілдері бар. Облыс әкімі жанындағы Үйлестіру кеңесі құрамының 40 пайызы да азаматық қоғам өкілдерінен құралған.

Олжас Сүлейменов
Кәсіпкер Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ бизнестің ҮЕҰ-мен өзара қарым-қатынасы төмен деңгейде екенін атап өтті:

- Оларға демеушілік туралы ұсынысты сауатты жасау туралы айтсаң, олардың барлық бастамасы осымен аяқталады. Сондықтан ҮЕҰ тек мемлекетпен ғана емес, бизнеспен де жұмыс жасауды үйренуі тиіс. Мен өз тарапымнан ҮЕҰ жобаларына қолдау көрсетуге дайынмын, бұл менің азаматтық ұстанымым.

Ерлан Күмісқалиев

«Атырау. Кішкентай ел» ҚБ жетекшісі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ:

- Біздің жобамызда достарымыз көп, олардың ішінде ірі компания менеджерлері бар. Олар өз компаниялары қайырымдылыққа, басқа да әлеуметтік мақсаттарға бөлетін барлық қаражатты «Самұрық-Қазына» қоры алады дейді. Бұл қордағы қаражаттың 70 пайыздан астамы – Атыраудан түсетін ақшалар екені анықталды. Мен қазір Қазақстанды бөліп отырғаным жоқ, бірақ басқа облыстарда ҮЕҰ үшін «Самұрық-Қазына» тарапынан 30 немесе 40 миллион теңге бөлінетінін естігенде ренжіп қаламын.

Балалардың церебралды сал ауруын оңалту жөніндегі авторлық бағдарламамды он қаладағы балаларға жазып бердім. Атырауда өткен аптада менің қолымда 2 бала қайтыс болды. Оларды құтқаруға болатын еді, біздің ақшамыз жетпей қалды...

Сіз 19 миллиард теңгенің қайырымдылық мақсаттарына бөлінетінін айттыңыз. Мен табыс түсіріп отырған, экологиясы нашар біздің облысымыз үшін кем дегенде 10-15 пайыз лимит қалдыруды ұсынамын. Мен өзімнің жобама, өз ауылыма бір жыл ішінде 30 миллион теңге тарттым. Ешқандай гранттарға қатыспастан, мемлекеттен бір де бір тиын алған жоқпын, өйткені мен өз еліме көмектесуге тиіспін. Біз жанайқайымызды естісе екен дейміз.

Министрдің комментарийі:

- Орынды сұрақ. 19 миллиард бұл бюджет қаржысы. Бүкіл республика бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларға бөлінеді. Сіздің облыс үшін 600 млн теңге осы мақсатқа бөлінеді. Біз біртұтас елміз, біз федерация емеспіз, бөлінбейікші. «Самұрық-Қазына» туралы айтсақ, бұл компания - сенім қоры, мүлдем ашық компания. Сайтқа кіре аласыздар, сіздердің қарамағаныңыз, оқымағаныңыз үшін олар кінәлі емес. Сіз кіруге тиіссіз, онда дұрыс адамдар жұмыс істейді, мен осы құрылымда жұмыс істедім. Бұл жерде мәселе сіздің белсенділігіңізге байланысты, олармен қалай байланысатындығыңызға қатысты. Олар сіздің аймақта жиі болады.

Күмісқалиев өз сөзінен қайтпады:

- Қайырымдылық бар, Астана бар, Алматы бар. Болды, басқа өңірлер жоқ сияқты. Сіз диаграмма жасаңыз, сонда бәрін өз көзіңізбен көресіз.

Қалетаев бұл сынға келіспеді:

- Мен өткен жылғы цифрды білемін. «Менің елім» бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының демеушілік көмекке бөлген 6 миллиардының 4 миллиардтан астамы - батыс өңірлерде (өкінішке орай, дәл қай қалалардағы фирмалар мұндай ауқымды жобаларды орындаушылар екені айтылған жоқ - Ред.). Қатысу керек - бұл басқа мәселе, мен олармен (осы компаниялар өкілдерімен) кездесуді ұйымдастыруға әзірмін. Бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын.  


Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

811 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Тақырып бойынша жаңалықтар

Макс БОҚАЕВ: «Үмітсіз жағдайда да күресу керек»  1818 рет қаралды

Комиссар Каттани қатыспаған «Спрут»  1421 рет қаралды

Галстуксыз кездесу  1258 рет қаралды

Коллективтің жырын айт  1272 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5 6