Атырау, 25 мамыр 02:17
Таңертең ашық+29, күндіз +32
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 325.75  € 382.04  P 5.31

Ұлтшылдың жайлы бейнесі

12 желтоқсан 2013 00:00

Қоғам қайраткері, саясаттанушы, құқық қорғаушы, Қазақстан социал-демократиялық партиясының төрағасы ретінде халыққа танымал болған Дос КӨШІМ жаңа лауазымымен таңғалдырды: Атырауда өткен еңбек дауларына арналған кездесуге ол «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жанындағы Әлеуметтік әріптестік орталығының менеджері ретінде келді.

 

«БҰЛ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ АРАНДАТУЫ ЕДІ»

- Сіздің өмір жолыңыз күрт өзгеріске ұшыраған сияқты ғой.

- Иә, мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бұдан екі жыл бұрын - Жаңаөзен оқиғасынан кейін құрған Әлеуметтік әріптестік орталығында тоғыз айдан бері жұмыс жасаймын. Орталықты белгілі саясаттанушы және қоғам қайраткері Нұрлан Ерімбетов басқарады, ал оның орынбасары – белгілі тележурналист Артур Платонов. Маған Ерімбетов телефон шалып, алға қойған мақсаттары туралы айтып, сөйлеп-тыңдап білетін адам керек деп түсіндірді – мен келістім. Біз «Самұрық-Қазынаға» қатысты 9 компаниядағы ахуалға мониторинг жасаймыз, әлеуметтік наразылықтарға әсер ету бағдарламаларын әзірлейміз, ұжымдардағы көңіл-күй жағдайын қадағалаймыз.

- Алдын алу жұмыстары ше?

- Иә, оларды да жүргіземіз.

- Орталық кезінде Жаңаөзен-де туындап жатқан наразылық жағдайларына «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларының бірі – «ҚазМұнайГаз» басшылығы тиісінше көңіл бөлмегендіктен құрылып отыр ма?

- Бұл жанжалға, керісінше, ҚМГ көп көңіл бөлді, алайда мемлекет пен қоғам теріс айналды...

-Менің ойымша, ҚМГ-ның қатысуы тек Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ Маңғыстауға көп айлық ереуілдің шарықтау шегінде келіп, шиеленісті жағдайды ушықтырып отыр деп оралмандарды айыптауымен ғана көрінген сияқты...

-Шын мәнінде құқық қорғау органдары бұл бағытта мамыр айынан бастап жұмыс жүргізе бастаған, алайда бұл күштік әдіс еді, халық дипломатиясы, ақсақалдар институты қолданылмады...

-Бұл құралдарды құрылтайшы ма, әлде мемлекет қолдану керек пе еді?

- Әрине, мемлекет, жергілікті жұмыс беруші және жергілікті билік атқару керек еді. Бұған ҚМГ-ның еш қатысы жоқ.

-Сізге кім жалақы төлейді?

- Орталықты 100 пайыз «Самұрық» қаржыландырады, сәйкесінше, жалақыны сол төлейді.

-Сіз, ЕРІМБЕТОВ, ПЛАТОНОВ... Тағы кімдер жұмыс жасайды Орталықта?

- Бұлар психологтар, әлеуметтанушылар сияқты мамандардың шағын тобы. Біз тоғыз кәсіпорынның әрқайсысына әлеуметтік төлқұжат және сәйкесінше ұсыныстар дайындаймыз.

-Сіз Орталық атынан біздің қаламызда жақында өткен дөңгелек үстелге қатыстыңыз. Онда ереуілдердің көпшілігі Маңғыстауда орын алып отырғандығы туралы айтылды. Ал ол жақтағы барлық компаниялар Самұрық-Қазынаға тиесілі. Шиеленісті жағдайлар да төмендемей отыр...

- Ереуілдер мен ереуілалды жағдайлардың өзіндік тұрақты белгілері бар, олар перманентті, яғни, үздіксіз болып келеді. Оны тоқтата алмайсың. Алайда шешімі табылатын мәселелер бар – ал наразылықтың басты себептері екеу: жалақыға разы болмау және «жасырын әсерлер». Белгілі бір басшы кеткенде немесе оны «кетіргенде» жекеленген топтар мен тұлғалар жұмысшыларды арандатып, өз мүдделері үшін қолданады. Сондықтан да бұл наразылықтардың құрамдық бөліктері өте көп. Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, біз екі жылда 360 медиатор дайындадық, қазірдің өзінде жергілікті жерлерде, әсіресе, еңбек даулары кезінде медиациялық жұмыстар жүріп жатыр – бұл үлкен ілгерілеушілік.

-Еңбек дауларының себеп-тері арасында сіз төмен жала-қы, «жеке тұлғалық факторлар», кландардың соғысы және т.б. бар дедіңіз. Жаңаөзенде осы себептердің қайсысы қозғаушы күш болды?

- Шынымды айтсам, бірінші рет сол жерге барғанымда осы сауалға жауап іздегенмін, таба алмадым.

-Жаңаөзендегі қанды қырғыннан бір күн өткеннен кейін 2011 жылы 18 желтоқсанда берген сұхбатыңызда сұмдық оқиғадан есеңгіреп, абыржып қалдым деп мойындадыңыз. Сіз сол кезде былай деген едіңіз: «Біз Рубиконнан өттік. Бұл - қандай ма бір тоқтатуға келмейтін қайтымсыз үдерістің басы. Бұл арандату немесе ақымақтық деп ойлаймын». Қандай қайтымсыз үдерісті айтқыңыз келіп еді?

- Бұл жердегі қайтымсыздық – адамдарды ешкім тыңдамайды: олар мәселе көтерді, дұрыс па, дұрыс емес пе, мүмкін қате шығар, бірақ екі ортада әңгіме, сұхбат болуы керек. Адамдардың жан айқайына ешкім құлақ асқан жоқ.

-Бұл мемлекет үшін қайтымсыздық па?

- Қоғам үшін де, мемлекетті қоғамнан бөліп қарауға болмайды, біз де үлкен сабақ алдық.

-Сол жағдайға қоғам қалай әсер ете алды? Журналистер оқиғаларды жарыққа шығарды, қоғам екіге бөлініп, сырттай ғана бақылаумен болды, алайда ешкім дәл Тәуелсіздік күні осындай қайғылы оқиға болады деп ойламаған да еді ғой.

- Қазақстанда халық дипломатиясы басқа елдерге қарағанда тарихи маңыздылыққа ие. Шаңырақты алайық – ол жерде барлығын күш көрсетусіз-ақ тоқтатуға болатын еді, сол жерге Жеміс Тұрмағамбетова, Женя Жовтис сынды беделді адамдар, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерлер жиналды. Алайда оларды сөйлетпеді. Полицейлер олардың адамдармен сөйлесуіне мүмкіндік бермеді. Басынан бастап күш қолдану арқылы шешу ойластырылған.

-Арада бірталай уақыт өтті, сезімдер суынып, жұрт саябырсыды. Бүгінде қандай тоқтамға келдіңіз: бұл бір адамның ақымақтығы немесе арандатуы ма, әлде сізге басқа себептер де белгілі ме?

- Мен мұны әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органдардың арандатушылығы деп есептеймін. 16 желтоқсанда мерекелік шаралар Қазақстанның бірде-бір қаласының алаңында өткізілген жоқ, бұл қыс мезгілі ғой, барлығы залдарда өтті. Неге мерекені алаңда жасады?! Ереуілшілерді арандату үшін.

 

««САМКА»? ЕСТІГЕН ЖОҚПЫН»

-Халық арасында «Самұрық-Қазына» АҚ-ны «самка» (ұрғашы ит) деп атайды.

- Рас па? Ешқашан естіген емеспін.

-Сол сияқты, Самұрық-Қазынаны «аса қадірлі ағалардың» өр көкірек балаларының, нағашыларының, жас әйелдері мен тоқалдарының жиналған жері деп те сипаттайтынын айтсам, одан бетер таңданарсыз. Жаңаөзендегі наразылықты осы астанадағы мұнай иісінің қандай екенін білмейтін кеңсе қызметкерінің алатын жалақысы туралы ақпарат тұтандырды деп айтылып жүр. Сіз қазір осы компанияда жасайсыз, екі жылдан бері не өзгерді?

- Өткен жылдың қарашасында тарификацияны реформалау жүргізілді. Қазір «Самұрық-Қазына» қол астында жасайтын барлық компанияның қызметкерлерінде бір еңбек түрі үшін бірдей тең жалақы төлену керек деген талап бар. Сәуірден бастап жалпы тарификациялау жергілікті жерлерде енгізіледі, кейбір баптар бойынша сұрақтар болғанымен, жұмыс жүріп жатыр. Екіншіден, қысқартулар басталды, бұл алдымен аппаратта жүреді – «Самұрық-Қазынаның» 4 мың әкімшілік қызметкерлерін қысқарту керек. Бұл, әрине, оңай емес. Мүмкін сіздің айтуыңыз да дұрыс шығар, ол жерлерде артық әкімшілік қызметкерлер болған.

 

АМЕРИКАЛЫҚТАРҒА КҮЛКІ БОЛДЫҚ

-Өзіңіз жиі қолданатын кейбір сөздеріңізге түсінік беріңізші. Мәселен, «патриот» сөзіне.

- Нағыз патриоттар – америкалықтар. Олар ұлттық ерекшеліктерін емес, өз Отанын шексіз сүйеді. Алайда ұлтжандылық пен патриоттықты салыстыруға болмайды. Маған «ұлтшыл-патриот» деген атау ұнамайды, егер адам ұлтжанды болса, ол – патриот.

-Алайда өзіңіз және серіктеріңіз осы сөзді жиі қолданасыздар ғой.

- Кезінде әділет министрлігінде «ұлтшыл» деген атауы бар ұйымды тіркеуден бас тартып, «ұлттық-патриоттық» деген сөзді ұсынды.

-«Ұлтшыл» сөзі қашан жағымды сипатқа ие болды?

-Мен өзімді 1988 жылдан бері солай атаймын. Менің ойымша, адамдардың көпшілігі бұл сөздің дұрыс мағынасын әлі түсінбейді-ау деймін. Бізде мұны қолға сойыл алып, орыстарды қуу керек деп айтақтайтын адам деп ойлайды. Мұндай түсінікті қоғамға жасанды тықпалаған. Бір белгілі адам былай деген екен: өмірде ана көп, бірақ мен өз анамды сүйемін. Бұл менің басқа аналарды сыйламаймын деген сөзім емес, бірақ өз анам үшін бәрін жасаймын. Міне, ұлтшылдық деген осы. Бұл тұжырымның жақсы да, жаман да жағы бар. Байтұрсынов: «Қазақ ұлтшылдығы - қорғану, яғни, мүлдем жойылып кетпеу, ана тілі, ұлттық әдебиеті мен тарихы өшіп кетпеу үшін күресу ұлтшылдығы», - деген екен.

Мен неге бұл сөзден ұяламын? Мен 25 жасымнан бері ел ортасындамын, осы уақыттан бері өзімді ашық осылай атаймын, алайда бұл үшін мені орыстар арасында да жек көрген емес.

- Қазақстандық патриот қазақ тілін білмеуі мүмкін бе?

-Егер ол осы жерде туғаннан өмір сүріп, «Мен Қазақстанды сүйемін, бірақ қазақ тілі маған керек емес» десе, мен оның бұл сүйіспеншілігіне сенбес едім.

-20 жылдық тәуелсіздік қазақ тілінің жағдайын түзей қойған жоқ. Мүмкін сіздің өз ұсыныстарыңыз бар шығар?

- 1994 жылы Стэнфорд университетінде (АҚШ) ұлтара-лық қатынас мәселелері тақыры-бында сөз сөйлеген кезімде бір профессор: «Сіздерде қазақ тілін білмеген адам жұмысқа тұра алмайды дейді, бұл рас па?» - деп сұрақ қойды.

- 94-ші жылы ма?

- Иә, сол жылы Қазақстаннан өзге ұлт өкілдері көп кеткен еді. Эмигранттар қандайма бір саяси пайда көру үшін Одақтың басқа республикаларындағы жағдайлардай әңгіме таратты. Ол: «Сіз қазір орыс тілінде сөйлеп тұрсыз, сіздің достарыңыз қазақша біле ме?» - деп сөзін жалғастырды. Ол жерде Сергей Дуванов, Татьяна Квятковская, Виталий Горнов, Қазақстанның Тәуелсіз кәсіподақтар көшбасшысы Леонид Соломин отырды. Мен өздерінен сұраңыздар дедім. Олар кітап жетіспейді, әдістеме нашар деген сияқты жаттанды сылтауларды тізбектетті. Америкалықтар қарқылдап күліп жіберді: «Не айтып тұрсыздар, бұл сіздердің мемлекеттік тілдеріңіз емес пе?! Егер заң талап етсе, түнімен оқып үйреніп аласыздар ғой». Қажеттілік болмай ешкім тіл үйренбейді. Менің ойымша, қажеттілік екі жолмен жасалады: бірі - барлық басқа елдердегідей заңмен талап қою. Екінші жолы – мен мұны Балтық елдері әдісі деп атаймын – саған біреу орысша сөйлесе, қазақша жауап бер немесе мүлдем үндеме. Бұл адам құқығына нұқсан келтірмейді – сен оны сыйлайсың, дөрекілік көрсетпейсің, ескерту жасамайсың, өйткені қай тілмен қатынас жасауды таңдау өз құқығы. Алайда сен де өз ана тіліңде жауап бересің, өйткені сенің де сондай құқығың бар. Балтық елдерінде бұл әдіс тиімді жұмыс жасады – жыл жарым-екі жылда өзге ұлт өкілдері тіл үйрене бастады. Алайда бұл жол да оңай емес. Бұл жерде орыс тілді адамдар жағынан да, мемлекеттік тілде сөйлеушілерге бір-бірін жақсы түсіну үшін азаматтық мәдениеттілік керек. Міне, осындай таңдаулар бар – не осындай мәдениетті жолмен, не заңнамалық негізде міндеттеу. Біз екі жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігі ретінде мемлекеттік тіл туралы заң жобасын дайындадық. Ол көптеген БАҚ беттерінде жарық көрді, алайда парламентке енгізе алмадық. Бізге «бұл заңның уақыты әлі келген жоқ» деп қарапайым жауап берді.

 

ФУТБОЛДА КІМГЕ ЖАНКҮЙЕРЛІК ЕТЕМІЗ?

- «Ұлт тағдыры» елдің бар-лық аумағында әрекет ете ме?

- Бірден айтайын – батыста бөлімдеріміз жоқ, біз орыс тілді өңірлерде: Қостанай, Петропавл, Өскемен, Павлодар және Ақмола облыстарында жұмыс жасаймыз. Көбіне қазақ мектептерінің ашылуымен айналысамыз – ол жерде қазақ мектептерінің халі мүшкіл. Мұнда бұрын барлық мектептер орыс тілінде оқытты. Қазір қазақтар өз балаларын ұлттық мектептерге бергісі келеді, ал қазақ мектептері аз. Менде мынадай деректер бар: Қарағанды облысында қазір 260 қазақ мектебі бар, олардың 70 пайызында спорт зал, дәрігерлік бекет, асхана жоқ... Таза дискриминация. 33% қазақ балалары ұлттық мектепте оқығысы келсе де, орыс мектептерінде оқып жүр, қазақ мектептерінде орын жоқ. Сонымен қатар, «Лада», казачество сияқты орыс тілді аудиториялармен жұмыс жасаймыз. Пікірлесеміз. Мақсаттарымыз бен міндеттерімізді түсіндіруіміз керек қой. Өзара сұхбат керек. Осындай кездесулерге барып, «мен ұлтшылмын» десем, бәрі тіктене қарайды, ал бір-екі сағаттан кейін: «Сен бұрын қайда болдың? Ұлтшылдар бұлай деп ойлаған жоқпыз» дейді. Мәселені қабылдау осылай өзгереді.

-Мұның барлығына қалай үлгересіз, сіз менеджерсіз ғой?

- Мен еркін кестемен жұмыс жасаймын, кездесу өткіземін, мониторинг жүргіземін, елді көп аралаймын – бұл менің «Самұрықтағы» жұмысыма да пайдалы.

-Жақсы екен. Сіз Дувановпен және басқа да орыс және орыс тілді саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен доссыз, сотта Жовтистің қоғамдық қорғаушысы да болдыңыз. Олар қазақша сөйлей ме, егер сөйлемесе, өзіңіз үшін осы өткір мәселені қалай шешесіздер?

-Біздің арамызда бұлтұрғыда еш жанжал болып көрген жоқ, бірақ талқылап тұрамыз. Дуванов қазақша білмейді, бірақ Сергей – керемет адам, біздің басқа мәселелер бойынша көзқарастарымыз 80-90 пайыз тоғысып жатады. «Біздерде, орыстарда пәтер жалдап тұрушылар психологиясы қалыптасқан, уақытша тұрып жатқан сияқтымыз, бір нәрсе болса, баратын жеріміз бар деп ойлаймыз», - дейді Сергей. - «Ресей мен Қазақстан футбол құрамалары ойнағанда кімге жанкүйерлік етуіміз керек? Қазақстанға жанымыз ашу керек, алайда іштей орыстарға бүйрегің бұрып тұрады... Осылайша кім Отанын шынайы сүйетіндігін білуге болады». Женя қазақша жақсы түсінеді, түрмеде болғанда үйренген екен. Мен бұл адамдарды азаматтық пікірлері үшін қатты сыйлаймын. Бұл адамдар Одақ кезінде де жүйеге қарсы шыққан, біздер бірге көп белестерден өттік. Ол кездегі МҚК (КГБ) қазіргі ҰҚК-мен салыстыруға келмейтіндей қатыгез болғаны белгілі.

-Ұлттық-патриоттар – бұл төбе-төбе болған топтар мен жекеленген адамдардың бір реттік акциялары ма, әлде қазір қозғалысқа айналды ма?

- Мен мұны жалпыхалықтық қозғалыс деп атағым келеді, алайда әзірге бұл топтар мен жекеленген көшбасшылар ғана болып тұр. Әйткенмен де, өткен аптада Мұхтар Шахановтың басшылығымен құрылтай өтті, онда біз Қазақ халық кеңесін құрдық. Біз оны стратегиялық бір бағытта жұмыс жасау үшін үйлестіруші орталық орган ретінде құрдық. Бәріміздің мақсатымыз бір: ұлттық өркендеу, алайда әдістер мен механизмдер әр түрлі– радикалды да, либералды да бағытта болуы мүмкін.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

3698 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Тақырып бойынша жаңалықтар

Дүмшелер диагнозы  2508 рет қаралды

...Ұлар етін жедің бе?  3345 рет қаралды

​Қомағайлық - жеті күнәнің бірі  3271 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5 6 7 8